Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Tengri Bank лицензиясынан айырылып қалды

Tengri Bank банктік және өзге операцияларды жүзеге асыруға арналған лицензиядан айырылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, мұндай шешім қабылдауға бірнеше себеп бар:

  • пруденциялық нормативтерді бұзу түрінде көрінген Қазақстан Республикасының заңнамасын жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан көп рет) бұзуы;
  • агенттік қолданған қадағалап ден қою шараларын жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан көп рет) орындамауы;
  • агенттіктің банктің меншікті капиталын ұлғайту мақсатында қосымша капиталдандыру жөнінде шаралар қабылдау туралы талаптарын Банктің банк холдингінің орындамауы.

Агенттікте банкті лицензиядан айыру "Tengri Bank активтері мен міндеттемелерінің Қазақстанның банк секторының жиынтық активтері мен міндеттемелеріндегі төмен үлесіне (0,3 пайыз) байланысты" банк жүйесі үшін тұтастай алғанда тәуекелдерге алып келмейді деп сендірді.

Айта кетейік, Tengri Bank жеке тұлғаларға депозиттерге кепілдік беру жүйесінің мүшесі. Осыған байланысты "Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры" АҚ (ҚДКБҚ) депозит иелеріне кепілдік берілген өтемді төлейді. ҚДКБҚ салымшылардың 99% депозитін қорғайды.

Банк клиенттерінің - жеке тұлғалардың, соның ішінде жеке кәсіпкерлердің өтемақы алуға құқығы бар.

Өтем ұлттық валютада төленеді және оның сомасы:

  • теңгедегі жинақ салымдары (депозиттер) бойынша 15 млн теңгеден;
  • ұлттық валютадағы өзге депозиттер бойынша 10 млн теңгеден;
  • шетел валютасындағы депозиттер бойынша 5 млн теңгеден аспауға тиіс.

 Бұл жағдайда ҚДКБҚ өтемақыны банк лицензиясынан айырылған күнгі нарықтық бағам бойынша төлейді.

Салымшыда түрі мен валютасы бойынша әртүрлі бірнеше кепілдік берілген депозиттер болған жағдайда, олар бойынша 15 млн теңгеге дейін жиынтық кепілдік берілген өтемақы төленеді.

Депозиттер бойынша кепілдік берілген өтемақы сомасынан асатын қалдықты банктің тарату комиссиясы өтейді, ол мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген сәттен бастап, Tengri Bank кредиторлар тізілімінің талаптарын қанағаттандыру кезектілігіне сәйкес тағайындалады.

Талқылау