"Теңдессіз сыйлық": Астаналық құтқарушылар өмірін қатерге тігіп, 7-қабаттағы әйелді өрттен алып шықты
Елордада көпқабатты тұрғын үйден өрт шығып, төтенше жағдай қызметкерлері бір әйелді құтқарып қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
10 шілде күні шамамен сағат 02:00-де Ш.Иманбаев 8 мекенжайында өрт шығып, төтеншеліктер оқиға орнына аттанды. 7 қабаттағы пәтерде үй заттары мен жиhаздары өртенген екен.
Қалалық төтенше жағдай департаменті желідегі парақшасында құтқарушылардың әйел адамды терезеден шығарып жатқан сәттен бейнежазба жариялады. Видеодан бір құтқарушының өрт шыққан пәтерде тұрып әйелді балкон арқылы төменге түсіріп жатқанын және астыңғы пәтерден тағы бір ер адамның көмектесіп жатқанын көруге болады.
Келіншек өзін құтқарып қалған төтенше жағдай қызметкерлеріне алғыс білдірді.
“Бүгін түнде өрт шықты. Маған балкон арқылы түсуге тура келді. Бағлан мен Қыдыр мені құтқарып қалды. 6-қабаттан аяғымнан ұстап түсіріп алды. Оларға ерекше алғыс айтқым келеді”, – дейді төтеншеліктер құтқарған әйел.
Құтқару жұмыстарына 2-мамандандырылған өрт сөндіру бөлімшесінің командирі Бағлан Бекшенов пен жүргізуші-қызметкері Қадір Өмірзақов қатысты.
Желі қолданушылары құтқарушылардың көзсіз ерлік жасағанын айтып жатты.
“Жарайсыңдар, жігіттер! Мұндай ерлік үшін айлығын көтеру керек”, “Бұл бір теңдессіз сыйлық болды”, “Қаһармансыздар”, “Адам өмірінен қымбат нәрсе жоқ”, “Барлығы аман-сау, шүкір”, “Өмірлерін қатерге тікті, жарайсыңдар”, – деп жазды желідегілер.
Өрт сағат 2:25-те толығымен сөндірілді. Қызыл жалынды ауыздықтауға қалалық төтенше жағдай департаментінің 12 қызметкері мен 3 бірлік техникасы жұмылдырылды.