Тележүргізуші Әйкерім Есенәлі журналист күйеуімен ажырасып кетті
Танымал теле-радиожүргізуші Әйкерім Есенәлі осыдан жарты жыл бұрын жұбайы Әнуарбек Жәлелмен ажырасқанын мойындады. Алты айға жуық бұл сұрақтан қашқан ол Динара Сәтжанға сұхбат беріп, жан сырын ақтарды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Әйкерім Есенәлі экс-жұбайымен желі арқылы танысқанын айтты. Бір салада жұмыс істейтін қос журналист түсірілім алаңдарында жиі ұшырасқан. Кейін әріптестік қарым-қатынас сезімге ұласып, екеуі 1,5 жыл қыз-жігіт болып жүрген. Артынан отбасын құрған. Бүгінде қыз тәрбиелеп отыр.
Тележүргізушінің экс-жолдасы өзінен 5 жас кіші. Сол себепті де Әйгерім біраз уақытқа дейін өз жасын жасырып келгенін айтады.
"Ол кезде 30-дамын, Әнуар 25-те. Ол кезде комплекс болды. "Тележүргізуші өзінен 5 жас кіші жігітке тұрмысқа шықты" деп шулады жұрт. Жаңалық шығарған сайттардан өшіруді сұрадым. Кейін түсіндім. Онда тұрған не бар деп ойлайтын болдым.
Мен жасымды айтпайтынмын. 35-ке толғанда бірінші рет айттым. Неге айтпағанымды білмеймін. Бірақ факт, мен 35-темін", – деп бөлісті Есенәлі.
Сонымен қатар тележүргізуші алғаш рет ажырасқанын растады.
"Қазір Әнуарбек менің жұбайым емес. Соңғы кезде әлеуметтік желіде белсенділік төмен болып кетті, себебі мен осы сұрақтан қаштым. Ажырасқанымызға жарты жыл болды. Басында бұл тақырыпты айту қиын болды. Бұл кез келген адам үшін, әсіресе қазақ әйелі үшін трагедия. Әңгіме кім кінәліде емес, әңгіме болмай қалғаны, сақтай алмағаның, бәрінің үлесі бар.
Қазір екеуміз де кішкентай қызымыздың адекватты, объективті қарым-қатынастағы ата-анасымыз. Сол үшін қуаныштымын. Әнуарға алғысым шексіз. Өйткені ол – креативті, позитивті жігіт. Жақсы энергетикасы бар. Бірінші рет курс жасауға итермелеген сол. Шабыттандырып, қолдап отырады. Өте жақсы әке. Қызын қатты жақсы көреді, Әдия да оны қатты жақсы көреді. Екеуі үнемі қыдырып жүреді", – дейді ол.
Тележүргізуші ажырасудың себебін айтқысы келмеді.
"Екеуміздің екі жаққа кеткеніміз дұрыс болды. Қиналып, айқай-шумен, ұрыс-керіспен көңілсіз болып жүре бергеннен, бір-бірімізді қинағанннан гөрі осы дұрыс шығар", – деп қысқа қайырды ол.