Тасмағамбетов пен Лавров ҰҚШҰ-ның БҰҰ бітімгершілік қызметіне қатысуын талқылады
7 ақпанда ҰҚШҰ бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов пен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың кездесуі өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы
ҰҚШҰ таратқан ақпаратқа қарағанда, кездесу барысында "ұйым қызметінің өзекті мәселелері, 2023 жылғы 23 қарашада Минскіде өткен Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі сессиясының шешімдерін орындау барысы" талқыланды. Сондай-ақ 2024 жылғы маусымда өтетін ҰҚШҰ сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысына дайындық барысы" пысықталған.
“ҰҚШҰ-ның Ұжымдық бітімгершілік әлеуетін БҰҰ-ның бітімгершілік қызметіне біріктіру мәселелеріне, тәжік-ауған шекарасының учаскелерін нығайту жөніндегі Мемлекетаралық нысаналы бағдарламаны іске асырудың нәтижелеріне, сонымен қоса Қырғызстан мен Тәжікстанның мемлекеттік шекарасын демаркациялау және делимитациялауға көңіл бөлінді”, – делінген ақпаратта.
Сонымен қатар Иманғали Тасмағамбетов Ресей СІМ қызметкерлеріне ҰҚШҰ марапаттарын табыс еткен.
- Тасмағамбетов: Батыстың қару-жарақ жеткізуі бейбіт келіссөздердің болатынын жоққа шығарады
- Ресей 2022 жылдың қаңтарында Қазақстанға ҰҚШҰ әскерлерін жөнелту кезінде шешуші рөл атқарған
Айта кетейік, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына Қазақстан, Ресей, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан кіреді.
Биыл Қазақстан ҰҚШҰ-ға төрағалық етуші ел болды. 10 қаңтарда Марат Сыздықов ұйымның Тұрақты кеңесін басқарды. Ұйым 2024 жылға дейін ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттерде, оның ішінде Қазақстанда жеті бірлескен әскери оқу-жаттығу өткізуді жоспарлаған.
Бұған дейін Тасмағамбетов "ҰҚШҰ-ның ұжымдық бітімгершілік әлеуеті өзінің тиімділігін 2022 жылдың қаңтарында Қазақстандағы дағдарысты жағдайды жеңілдету кезінде көрсетті" деп мәлімдеген.