Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Су тасқыны кезінде өлген малдың еті сатылымға шығарылып жатыр: Ауыл шаруашылығы министрлігі ақпаратқа жауап берді

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин тасқынның салдары ет пен малдың бағасына қалай әсер ететініне қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: centralasia.media

"Тасқынның салдары ет пен малдың бағасына әсер ете ме?" – деп сұрады журналист сенат отырысынан кейін.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин тасқыннан қырылған малдың саны елдегі жалпы малдың 1 пайызына да жетпейтінін айтып, мұндай көлем нарыққа әсер етпейтініне сендірді.

"Жоқ, Қазақстанда 9 миллионға жуық ірі қара мал бар, 27 миллионға жуық қой, 4 миллионға жуық жылқы бар, басқасын есептемегеннің өзінде. Жаңағы 12 мың бас жалпы малдың 1%-ы да болмайды ғой. Сондықтан ешқандай әсері болмайды", – деді министрдің орынбасары.

Ол ветеринарлық қызмет жағдайды жіті бақылап отырғанын айтты. 

"Ондай қауіп жоқ және болуы да мүмкін емес, өйткені сауда орындарында орналасқан ветеринарлық зертханалардың нақты тексеру функциясы бар. Бұқаралық ақпарат құралдарында тараған ақпараттан кейін ет сататын орындарда тексеріс жүргізілді, бірақ біз мұндай фактілерді таппадық, расталмады", - деп сендірді Аманғали Бердалин.

Вице-министр сондай-ақ өлген жануарлардың өлекселерінен инфекцияның таралуы мүмкін деген ақпаратқа түсініктеме берді.

"Менің ойымша, алаңдауға негіз жоқ. Өйткені өлген жануарлардың барлығы жойылды. Бұл бір. Екіншіден, су тасқыны кезінде қауіпсіз аймақтарға қуылған 139 мың жануардың барлығы бақылауда, олар уақытында вакцинациядан өтті. Ал су басқан қауіпті аймақтарды, мейлі мал қорымы болсын, мейлі сібір жарасы қорым болсын – тиісті қызметтер сол жерден сынама алып, барлығы теріс нәтиже көрсетті", - деді Аманғали Бердалин.

Талқылау