Тараздағы әскери қоймадағы жарылыс: Айыпталушы сарбаздарға сот үкімі шықты
Жамбыл облысындағы әскери бөлімдегі жарылысқа кінәлі деп танылған сарбаздарға сот үкімі шықты.Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Шымкент гарнизонының әскери соты 18 адамның өліміне қатардағы қос жауынгерді айыпты деп танып, әрқайсысына 9 жылдан жаза кесті. Сондай-ақ сотталған сарбаздар 25 миллиард теңге шығынды өтеуге міндеттелді.
Ал тергеу кезінде күдікті деп танылған төрт офицер жазадан құтылып кетті. Әскери борышын өтеп үйіне қайтуына бір ай қалған сарбаздар сот үкімімен келіспей, шу шығарды.
Оқиға кезінде әскери бөлім бастығының міндетін атқарған Аслан Бақытжанов, оның орынбасары Руслан Несіпқалиев пен тағы екі офицер Ерлан Бошай мен Берік Омарбеков шенінен айрылғанымен, кінәсіз деп танылды. Судья 82 адам жараланып, 18 әскеридің өмірін қиған жарылысқа қатардағы жауынгер Әсет Әшірбай мен Ерболат Тұранов айыпты дейді.
Тоғыз жыл арқалаған сарбаздардың жақындары тергеу кезінен бастап небәрі 22 жастағы жігіттерге қысым көрсетіліп, ауыр айып мойнына қасақана ілінгенін айтады.
“Баламды диверсия деген статьямен қорқытады. Шақырады да 27 жылға бәрібір жіберем дейді. Балам көнбейді. Онда да айтады, 18 адам бізден сұрап тұр, кім өлтірген деп. Қазір мекенжйыңды берем, әкешешеңді білесіңғ тасталқан қылады дейді. Балам амалсыз солардың айтқанына көнді, бұны айтқан подполковник Мамытбаев. Сосын балам амалсыздан келіседі. "Мен сіздерді ойладым, мама" - дейді”, - дейді сотталушы Е.Тұрановтың анасы Жанар Қадырова.
Ал сарбаздардың адвокаты "сотта келтірген бірде-бір дәлеліміз назарға алынбады" деп отыр. Әскери борышын өтеп бітуіне бір ай ғана қалған қос сарбаз үш қабат қорғанышы бар тас қамал қойманы бұзып, жапырақтай шүберекпен өртеді деген мыйға сыйымсыз деп отыр.
“Қалдарбек өзінің жауаптарын көрсету барысында сол топырақ үйіндісінің жанына келіп, "мен осы жерде көрдім, Әшірбайды" деген жері, топырақ үйіндісінің артында тұрған адамды ол 450 метр жерден көзі рентген болмаса, көруі мүмкін емес. Ол соны көрдім деп отыр. Шын айыпталушыны табу, анықтау тергеу органдарының құзыретіне кіреді. Солар анықтауы қажет еді. Жеңіл жол табылып, дайын тұрған екі сарбазға іліп жіберді ме деген күдігім бар”, - деді сотталғандардың қорғаушысы Сағадат Әміре.
Еске салсақ, 2021 жылы тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери бөлімшенің қару-жарақ қоймасы жарылып, 18 адам қаза тапқан. Тағы 82 адам жараланған болатын. Бұл іс бойынша 250-ден астам адам жәбірленуші деп танылды. Осыған дейінгі сот отырысында мүлкі бүлінгендер мен жараланған жәбірленушілер дәл осы сарбаздардың кінәлі дегеніне сенімсіздік білдірген еді. Бірақ олар сот үкімін тыңдауға келген жоқ. Судья да тілшілерге сұхбат бермей қойды. Ал 9 жылға сотталып, 25 миллиард теңге шығынды өтеуге міндеттелген қос сарбаздың жақындары мен адвокаты апелляциялық сотқа жүгінеміз деп бекініп отыр.