Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тарақан" атанған алаяқ 25 жыл бойы өзін полицей ретінде таныстырып келіп, ақыры ұсталды

Алаяқ Сэм Питер
Фото: The Hindu

Үндістанда ширек ғасыр бойы өзін құқық қорғау органының қызметкері ретінде таныстырып, адамдарды алдап келген ер адам ұсталды. Ол әр жылдары түрлі есім қолданып, елдің бірнеше штатында алаяқтық жасаған деген күдікке ілінген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі The Hindu-ға сілтеме жасап хабарлайды.

64 жастағы Сэм Питер 31 тамызда Керала штатындағы Каннур қаласында қолға түскен. Оны Мангалуру қалалық полициясының Орталық қылмыспен күрес бөлімі ұстады.

Тергеу дерегіне сәйкес, күдікті өзін Ұлттық қылмыстық тергеу бюросының қызметкері немесе директоры ретінде таныстырып келген. Ол көбіне қаржылық дауға, банк алаяқтығына немесе салықтан жалтаруға қатысты мәселесі бар адамдарды нысанаға алған. Кейін оларға өзін құзырлы органның өкілі ретінде көрсетіп, ақша талап еткен.

Полиция мәліметінше, Сэм Питер бұған дейін де бірнеше рет жауапқа тартылған. 2019 жылы Мангалуру қаласында сегіз сыбайласымен бірге қонақүйлердің бірінде ұсталған. Алайда 2023 жылғы қыркүйекте кепілмен босап шыққаннан кейін ізін суытқан.

Күдікті бірнеше жалған есім пайдаланған. Олардың арасында Дэнни Тарақан, Энтони, Шьям Питер, Рахул Питер, Раджеш Робинсон, Рой Джейкоб және басқа да аттар бар.

Құқық қорғау органдарының дерегі бойынша, оған қатысты Үндістанның әр өңірінде кемінде 17 алаяқтық және алдау дерегі бойынша іс тіркелген. Қылмыстық істер Карнатака штатындағы Мангалуру, Уллал, Конаже, Бенгалуру, Удупи қалаларында, сондай-ақ Бихар, Тамилнад, Махараштра, Уттар-Прадеш, Чхаттисгарх, Джаркханд және Мадхья-Прадеш штаттарында қозғалған.

Мангалуру полициясының комиссары Судхир Кумар Реддидің айтуынша, күдіктіге қатысты Интерполдың “қызыл хабарламасы” 2001 жылдан бері болған.

Питерге іздеу жарияланған кезде сот бірнеше рет оны мәжбүрлеп жеткізу туралы ордер шығарған. Мәселен, Уллалдағы іс бойынша 17 рет, ал Мангалурудағы Шығыс полиция бөлімінің ісі бойынша 14 рет ордер берілген.

Қазір күдікті Мангалуру қаласының Шығыс полиция бөліміне тапсырылып, тергеу жалғасып жатыр.

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 08 Қыркүйек, 2026 14:17