Отандық жұлдыздар карантинде не істеп жатыр: Кітап оқып бастадым деп елді алдамаймын
Карантин барлық адамның аяғына тұсау болғаны анық. Ел аралап, той-томалақта қуанышын бөлісіп, 1-2 айлап үйіне қонбайтын әнші-актерлер бұл қысылтаяңда уақыттарын қалай өткізіп жатыр? Stan.kz тілшісі әншілерге хабарласып сұрап білді.
"Жігіттер" тобының мүшесі Бағлан Әдбірайымов карантинді барынша пайдалы өткізіуге тырысып жатқанын айтады.
"Карантинде көптен бері көргім келіп жүрген киноларды көріп, оқығым келіп жүрген кітаптарды тізіп қойдым. Сол кітаптарды оқуды бастадым. Одан кейін онлайн-курстар қарап жатырмын", - деген әнші бірқатар кітаптардың тізімін оқырмандарға оқуға ұсынды.
"Оқитын болса кітап көп. Мен Омар Жәлелдің "Харекет" кітабын оқыңыздар деп кеңес беретін едім. Одан бөлек Қуаныш Шоңбай, Кәмшат Бекжігітова сынды мықты психолог-коучтардың кітаптарын оқысын. Менің "Ақ пен қара" кітабымды да оқыса болады", - дейді әнші.
"Дәл қазіргі уақытта байдың да, кедейдің де барлық табыс көзі тоқтап тұр. Сондықтан кім осы күнге дейін қандай қаражат жинады, қазір соны шетінен кеміріп жатыр деп ойлаймын. Бұл қиындықтан құр жатпай дамып, іздену керек. Өзіңе пайдалы ақпарттар қабілетіңді шыңдау керек", - деген әнші адам рухани бай болмаса, дүние байлықтан еш пайда жоқ екенін айтты.
Халық ортасында көп жүретін әнші Асхат Тарғын карантинде отбасына көп көңіл бөліп жатқанын айтады.
"Карантин кезінде заңға бағынып үйде отырмыз. Арасында үйдің артындағы үлкен алаңға шығып жүгіріп, серуендеп келтінбіз, заңды күшейткелі оны да қойдық. Ұлым мен жарымның қасында, бала тәрбиесіне көбірек көңіл бөліп жатырмыз. Үйден шықсақ тек қана азық түлік дүкеніне және дәріханаға барамыз", - дейді Асхат Тарғын.
"Кітап оқып бастадым деп өзімді де, елді де алдамайын, әлі бастамадым. Түрлі фильмдер қарап жатырмыз. Күнделікті жаңалықтарды жібермей хабардар болып отырмыз", - деген әнші халық денсаулығына өз алаңдаушылыңын білдіріп, оқырмандарына тек үйде сабырлықпен шыдап отыруды сұрады.
"Оқырмандарға үйде болыңыздар, балаларыңыздың тәрбиесіне, оқу үлгеріміне қараңыздар дегім келеді. Үйден шықсаңыздар маска тағып, сақтық шараларын барынша сақтаңыздар", - деді.
Концерттерден бөлек әншілер үшін бірден бір табыс көзі той екені белгілі. Карантинде концерт те, той да жоқ әншілер немен күн көріп жатыр деген сұрағымызға:
"Басқа табыс көзі жоқ. Осы күнге дейін тапқан-таянғанымызды, жиғанымызды жеп жатырымз үйде. Құдай қаласа, бұл індеттен де айығармыз. Қазақ не көрмеген халық, Құдай қаласа, бұл қиындықтан да өтеміз. Сосын табыс көзі де, кәсіп те болады. Ең бастысы, сабырлықпен үйде отыру керек. Денсаулықтарыңыз басты байлық екенін ұмытпаңыздар". - деп жауап қатты Асхат Тарғын.