Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тәліптердің билік басына келгеніне 5 жыл: Ауғанстанда не өзгерді?

Талибан
Фото: Pexels

Осыдан бес жыл бұрын тәліптер Ауғанстан билігін басып алып, ел тарихындағы жаңа кезеңді бастады. Содан бері әйелдер мен қыздардың құқықтарына шектеу қойылып, ел экономикасы мен гуманитарлық жағдайға қатысты мәселелер күшейді. Талибан билігі тұсында Ауғанстанда қандай өзгерістер болды және ел халқы қазір қалай өмір сүріп жатыр? Бұл туралы Stan.kz агенттігі баяндайды.

2021 жылғы 15 тамызда Кабул құлап, бұрынғы үкімет биліктен кеткеннен кейін елдің саяси, экономикалық және әлеуметтік жүйесі түбегейлі өзгерді. Көптеген шетелдік басылымдар мен ұйымдар осы жағдайдан кейін Талибан билігінің адам сенгісіз шектеулері мен заңдарына наразылық танытып, дабыл қағып келеді.

Тәліптер дегеніміз кімдер?

Талибан — Ауғанстанда пайда болған исламшыл саяси-әскери қозғалыс. "Талибан" сөзі пушту тіліндегі talib — "шәкірт", "діни білім алушы" деген сөзден шыққан. 1990 жылдары соғыс пен саяси тұрақсыздықтардың салдарынан пайда болған. Қозғалыстың негізін қалаушылар – Пәкістандағы діни медреседе оқыған пуштундар. 1994 жылы қозғалыс құрылып, бірнеше жыл ішінде Ауғанстанның едәуір бөлігін бақылауына алды. 1996 жылы Кабулды басып алып, Ауғанстан Ислам Әмірлігін жариялады. Билікке келген Талибандар Ислам туралы өз түсініктеріндегі шариғат ережелерін енгізді. Сол кезде әйелдер мен қыздардың білім алуына қатаң тыйым салынды. 

2001 жылы 11 қыркүйекте АҚШ-та болған терроризмнен кейін тәліптердің тағдыры өзгерді. АҚШ Талибаннан "Әл-Каида" жетекшісі Усама бен Ладенді беруді талап етті. Талибан оны бермегеннен кейін АҚШ бастаған халықаралық коалиция Ауғанстанға әскери операция бастады. Салдарынан сол жылы тәліптер өз билігінен айырылды. 20 жылдан соң АҚШ өз әскерін Ауғанстаннан шығара бастаған кезде, тәліптер өз шабуылын күшейтті. 2021 жылдың тамыз айында Талибан Кабулды басып алып, елдегі билікті қайта өз қолына алды. Сол кезде президент Ашраф Ғани елден кетті, ал бұрынғы үкімет іс жүзінде құлады. Содан бері Талибан Ауғанстанды Ислам Әмірлігі ретінде басқарып келеді. Талибан билігі тұсында Ауғанстан экономикасы терең құлдыраудан кейін қайта өсе бастады, бірақ экономикалық өсім әзірге халықтың тұрмысын айтарлықтай жақсарта алған жоқ.

Талибан
Фото: Al Jazeera

Талибан идеологиясы

Талибанның идеологиясы Батыстың саяси және әлеуметтік құндылықтарынан айтарлықтай ерекшеленеді. Қозғалыс Ауғанстанда ультраконсервативті теократиялық ислам мемлекетін құруды көздейді.

Талибан идеологиясының негізінде Пәкістанда кең тараған сунниттік деобандизм ағымы жатыр. Бұл бағыт 1867 жылы Британдық Үндістанда пайда болған. Кейін ол Пәкістанға таралып, көптеген ауғандықтар осы ағымға жақын медреселерде білім алған. Деобандизм исламдағы қатаң консервативті көзқарастарымен және кейбір діни түсініктерді, соның ішінде сопылықты қабылдамауымен ерекшеленеді.

Талибан идеологиясына пуштун халқының дәстүрлі пуштунвали деп аталатын ар-намыс кодексі де ықпал еткен. Оның ішінде ар-намысты қорғау, кек алу, қонақжайлық және қоғамдық міндеттер сияқты ұстанымдар бар. Бұл қағидаларды пуштундардың басым бөлігі, соның ішінде талибандар да жеке және қоғамдық өмірінде басшылыққа алады.

Ал Ауғанстандағы мұсылмандардың басым бөлігі, Орталық Азия елдеріндегі халықтардың көпшілігі сияқты, ханафи мазһабын ұстанады. Яғни Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және басқа да Орталық Азия елдеріндегі мұсылмандардың басым бөлігі де исламның осы құқықтық мектебін ұстанады. Алайда Талибанның діни-саяси ұстанымдары мен бұл елдердегі исламды ұстану тәжірибесін бірдей деп қарастыруға болмайды.

Қауіпсіздік жағдайы

Талибан билікке келгеннен кейін елдегі бұрынғы үкімет пен халықаралық күштерге қарсы соғыс тоқтағанымен, Ауғанстандағы қауіпсіздік мәселесі толық шешілген жоқ. Елде "Ислам мемлекеті – Хорасан" (ISIS-K) сияқты қарулы топтар әрекет етеді. Олар мешіттерге, діни азшылықтарға және мемлекеттік нысандарға шабуыл жасап келеді.

Сонымен қатар Талибан билігі Пәкістанмен шекарадағы қақтығыстарға да тартылды. Пәкістан Ауғанстан аумағында Пәкістан Талибаны (TTP) мүшелері жасырынатынын айтып, Кабулды оларға қарсы шара қолдануға шақырады. Ал Талибан бұл айыптауларды жоққа шығарып, Пәкістанның Ауғанстан аумағына жасаған шабуылдарын сынайды. Бұл жағдай екі ел арасындағы қарым-қатынасты күрделендіріп отыр.

Әйелдер мен қыздардың жағдайы

Талибан билігі әйелдер мен қыздардың білім алуына, жұмыс істеуіне және қоғамдық өмірге қатысуына қатаң шектеулер қойды. Тәліптер қыздардың 6-сыныптан кейін білім алуына тыйым салып, кейін әйелдердің жоғары оқу орындарында білім алуына да жол жапты. Бұл шешім халықаралық қауымдастықтың, соның ішінде БҰҰ-ның бірнеше рет сынына ұшырады.

UN Women мәліметінше, жас ауған әйелдерінің шамамен 78%-ы білім алмайды, жұмыс істемейді немесе кәсіби даярлықтан өтпейді. Бұл көрсеткіш ер адамдарға қарағанда шамамен төрт есе жоғары. Ұйымның бағалауынша, қыздардың білім алу мүмкіндігінен айырылуы олардың еңбек нарығына шығуына ғана емес, әлеуметтік жағдайына да кері әсер етіп отыр.

Қыздардың мектепті ерте тастауы ерте және мәжбүрлі некелердің көбею қаупін арттырады. UN Women дерегіне сәйкес, қазіргі шектеулер сақталатын болса, балалар некесінің деңгейі 25%-ға дейін өсуі мүмкін.

Бұдан бөлек, әйелдердің жұмыс істеуіне де бірқатар шектеу енгізілді. Көптеген салаларда әйелдерге жұмыс істеуге рұқсат берілмейді немесе олардың қызметіне қатаң талаптар қойылған. Әйелдердің қоғамдық орындарға баруына, көшеде еркін жүріп-тұруына және қоғам өміріне араласуына қатысты да түрлі шектеулер бар.

Осының салдарынан ауған әйелдері білім алу, табыс табу және өз болашағын өз бетінше жоспарлау мүмкіндігінен айырылып отыр. Сарапшылар мұндай саясат елдің әлеуметтік және экономикалық дамуына да ұзақ мерзімді кері әсер етуі мүмкін екенін атап өтеді.

“Енгізген заңдардың нәтижесі сұмдық. Көптеген әйелдер аз өмір сүреді және денсаулығы нашар. Ана өлімі, балалардың некелер және әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық қаупі артып келеді”, – деп жазды UN Women.

Ел экономикасында қандай өзгерістер болды?

2021 жылы тәліптер Ауғанстан билігіне келгеннен кейін, ел экономикасына ауыр соққы тиді. Сырттан келген гуманитарлық көмек экономиканы өсуіне біршама көмек болып отырған еді. World Bank Group-тың мәліметінше, биліктің ауысуынан кейін халықаралық қаржылай қолдау күрт қысқарып, ел халықаралық банк жүйесіне қолжетімділігін жоғалтты, ал Ауғанстан орталық банкінің шетелдегі активтері бұғатталды. Инвестицияға деген сенім төмендеп, көптеген білікті маман елден кетіп қалды. Нәтижесінде 2021 және 2022 жылдары экономика қатты қысқарды. Уақыт өте келе жағдай өзгерді. Дүниежүзілік банк мәліметінше, Ауғанстан экономикасы 2023 жылдан бастап қалпына келе бастады. 2024 жылы елдің жалпы ішкі өнімі 2,5 пайызға өсті, ал 2025 жылы өсім 4,3 пайызға жетті. Экономикалық белсенділіктің артуына ауыл шаруашылығы, тау-кен өндірісі, құрылыс және сауда салалары ықпал етті.

“Ауғанстан экономикасы аймақтық шиеленіс пен шекаралардың жабылуына қарамастан, ішінара жоғары ішкі сұраныс пен миллиондаған ауғандықтардың елге оралуына байланысты өсіп жатыр. Нақты ЖІӨ 4,8 пайызға бағаланады. Алайда бұл халықтың өмір сүру деңгейінің өскенін немесе халықтың табымы артты дегенге әкелмейді”, – деп хабарлады World Bank Group.

Елдің сыртқы саудасында да мәселе сақталып отыр. Ауғанстан импортқа тәуелді ішкі сұраныстың өсуі импорттың көбейіп, сауда тапшылығының кеңеюіне алып келді. 2025 жылы шот тапшылығы ЖІӨ-нің 36,1 пайызына дейін жеткен. Сонымен қатар шетелдік гранттардың қысқаруы мемлекеттің инфрақұрылымға инвестиция салу және экономикалық дағдарыстарға жауап беру мүмкіндігін шектеп отыр. Банк жүйесінің жағдайы да күрделі. Халықаралық шектеулер, өтімділіктің жеткіліксіздігі, проблемалық несиелердің өсуі және несие берудің әлсіздігі жеке бизнестің дамуын тежеп отыр. Кәсіпкерлер үшін электр энергиясының тұрақсыздығы, қаржыға қолжетімділіктің төмендігі және экономиканың үлкен бөлігінің бейресми болуы да қиындық туғызады.

Басқа елдермен байланысы

2021 жылы билікке қайта келген кезде Талибан халықаралық қоғамдастықтың көп бөлігімен оқшауланып қалды. Көптеген мемлекеттер жаңа билікті ресми түрде мойындамады. Бұған ең алдымен әйелдер мен қыздардың құқықтарының шектелуі, саяси еркіндіктердің болмауы және қауіпсіздік мәселелері себеп болды.

Алайда бес жыл ішінде жағдай біртіндеп өзгерді. Қазір көптеген мемлекет Талибанды ресми мойындамаса да, Кабулмен дипломатиялық және экономикалық байланыс орнатып отыр. Олардың арасында Қытай, Үндістан, Иран, Түркия, Сауд Арабиясы және Орталық Азия елдері бар. Бұл елдердің негізгі мақсаты — Ауғанстандағы қауіпсіздік, терроризм, миграция, сауда және көлік дәліздері мәселелерін шешу.

Қазақстан мен Талибан арасындағы байланыс

2021 жылы тәліптер билікке келгенімен, Қазақстан оларды бірден мойындай қоймады. Алайда Ауғанстанмен байланысты толық үзбей, практикалық және экономикалық бағытта жалғастырып отырды. Қазақстанның Кабулдағы дипломатиялық миссиясы да елден эвакуацияланған жоқ және жаңа билікпен байланыс орнатты. 

“Қазақстан болашақ Ауғанстанды өзімен және көршілерімен бейбіт өмір сүретін шынайы тәуелсіз және біртұтас мемлекет ретінде көреді. Осы тұста тарихи сәтте Ауғанстанның көпұлтты халқы бұрын-соңды болмаған қиындықтарға қарсы жалғыз қалмауы керек”, – деді Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстанның Ауғанстанға қатысты ұстанымында екі бағыт қатар жүріп келеді. Біріншісі — қауіпсіздік пен тұрақтылық мәселесі, екіншісі — сауда-экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастық. Астана Ауғанстандағы тұрақтылықты Орталық Азияның қауіпсіздігімен тікелей байланысты деп санайды. Сонымен бірге елдің экономикалық әлеуетін аймақтық сауда мен көлік байланыстарын дамыту үшін пайдалануға мүдделі.  Соңғы жылдары екі ел арасындағы экономикалық байланыс айтарлықтай жанданды. 2026 жылғы қаңтар–сәуір айларында Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы тауар айналымы 342,4 млн долларды құрады. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңіндегі 150,6 млн доллармен салыстырғанда 2,3 есе көп. 

Қазақстан үшін Ауғанстан тек тауар сататын нарық емес, Оңтүстік Азияға шығатын ықтимал көлік дәлізі ретінде де маңызды. Екі тарап теміржол, ауыл шаруашылығы, цифрлық инфрақұрылым және пайдалы қазбаларды өндіру салаларындағы жобаларды талқылап келеді. Соның ішінде Қазақстанның Тургунди–Герат теміржолын салуға қатысу мүмкіндігі қарастырылуда. Бұл бағыт болашақта жүктерді Ауғанстан арқылы Пәкістан порттарына жеткізуге мүмкіндік беруі мүмкін. Қазақстан Ауғанстанмен банктік байланыстарды да кеңейтуге тырысып жатыр.

Биыл Қазақстан делегациясының Кабулға сапары кезінде шамамен 300 тонна азық-түлік, алғашқы қажеттілік тауарлары мен дәрі-дәрмек тапсырылды. Сонымен қатар Қазақстан Талибанмен тек үкіметаралық деңгейде емес, бизнес деңгейінде де байланысын кеңейтіп жатыр. 2025 жылы Кабулда Қазақстанның сауда-экономикалық миссиясы өтіп, қазақстандық компаниялар ауған нарығына өз өнімдерін ұсынды. Сол миссия барысында жалпы құны 140 млн доллар болатын келісімдер жасалды.

Пәкістанмен соғыс

Ауғанстан мен Пәкістан арасындағы қазіргі қақтығыстың тамыры ондаған жыл бұрынғы шекара дауына барып тіреледі. 1893 жылы британдық билік белгілеген Дюранд сызығы пуштундар мекендейтін аумақтарды екіге бөлді. Пәкістан бұл сызықты халықаралық шекара ретінде мойындаса, Ауғанстан оны тарихи тұрғыдан толық мойындамай келеді. Талибан 2021 жылы билікке қайта келгеннен кейін жағдай одан әрі күрделене түсті. Пәкістан Ауғанстан аумағында Пәкістан Талибаны (TTP) мүшелері паналап, елге қарсы шабуылдар ұйымдастырады деп айыптайды. Ал Талибан Пәкістанның шекарадағы әскери операциялары мен әуе шабуылдарын Ауғанстанның егемендігін бұзу деп санайды. Осы екі мәселенің — шекара дауы мен қарулы топтар мәселесінің — қосылуы 2025–2026 жылдары екі ел арасындағы қақтығыстардың күрт күшеюіне алып келді.

Taliban
Фото: Al-Jazeera

Талибанның Ауғанстанда билікке қайта келгеніне бес жыл ішінде ел өмірінің барлық дерлік саласы өзгерді. Қозғалыс билікті толық бақылауға алғанымен, Ауғанстанның халықаралық оқшаулануы, гуманитарлық дағдарысы және әлеуметтік мәселелері шешілген жоқ. БҰҰ елді әлі де терең саяси, экономикалық, әлеуметтік және гуманитарлық дағдарыстағы мемлекет ретінде сипаттайды.

Ислам Әден
Сейсенбі, 18 Тамыз, 2026 12:19