Тәліптер Панджшерді жаулап алғанын тойлаған: Кабулда аспанға атылған оқтан 17 адам қаза тапты
Ауғанстан астанасында сенбіге қараған түні аспанға бей-берекет оқ атылып, салдарынан кемінде 17 адам қаза тауып, 41 адам жарақат алды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Дереккөздің мәліметінше, қала ауруханасына атыстан зардап шеккендер келіп түсуде. Олар негізінен әртүрлі дәрежеде жарақат алған азаматтар.
Бұған дейін ауған ақпарат құралдары хабарлағандай, Кабулда елдегі билікті басып алған "Талибан" (Қазақстанда тыйым салынған) радикалды қозғалысының содырлары бей-берекет оқ жаудырып, бағынбаған солтүстік Панджшер провинциясын толық басып алғандықтарын атап өткен. Алайда аймақтағы ұлттық қарсылық өкілдері радикалдардың осы провинцияға бақылау орнатқаны туралы ақпаратты жоққа шығарды.
Қозғалыс басшылығының өкілдері жақтастарын атысты тоқтатуға шақырды.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, "Талибан" жетекшісінің орынбасары Мұхаммед Якубтың бұйрығымен қалаларда ауаға оқ ататын содырлардың қару-жарақтары тәркіленіп, өздері жауапқа тартылады.
Бұған дейін, тәліптердің ұзақ уақыт қарсылық көрсеткен Панджшер провинциясын жаулап алғаны айтылған.