"Оны ату жазасына кескенде Горбачевке 17 елдің басшысы хат жазған": Қайрат Рысқұлбековтің інісі Желтоқсан оқиғасы, ағасының балалық шағы мен жұмбақ өлімі жайлы айтты
Биыл Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл толады. Егеменді ел болып қалыптасуымызға 1986 жылы желтоқсанда болған оқиғалар әсер еткені сөзсіз. Дегенмен 35 жыл өтсе де, айтылмай қалған сыр-ойлар жетерлік. Олардың көбі белгісіз себептерге байланысты көз жұмған Қайрат Рысқұлбековке қатысты. Stan.kz тілшісі халық қаһарманы жайлы оның інісі, "Желтоқсан рухы" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Талғат Рысқұлбековтен сұрап білді.
– Талғат аға, бала күнгі Қайрат жайлы естеліктеріңізді айтып берсеңіз. Батыр ағамыз жас кезінде қандай еді?
– Үйде сегіз бала болдық. Қайрат – үшінші, мен төртінші баламын. Кішкентай кезімнен алған бетімнен қайтпайтын едім. Әкеміз барлық баласын атымен атайтын. Тек мені ғана Тахан деп еркелететін. Бір иығымды бұрып, төбелесуге дайын тұратынмын. Ал Қайрат ақылмен шешуге тырысатын еді. Екеуміз Шу ауданында мектеп-интернатында оқыдық. Мен бокспен, ал ағам күреспен шұғылданды. Мен басында күреске де қатысқанмын, кейін боксқа ауысып кеттім.
Мектеп бітіргенше сауық кештеріне бармайтынмын. Қайрат достарымен отырыстарына шақыратын, ал менің барғым келмейтін. Тек оқу, спорт деп қана жүрдім.
Қайрат өте әділ болатын. Отбасымызда сондай тәрбие берілді. Әкеміз басыңды кесіп алса да, өтірік айтпа дейтін. Ал анамыз "Өзің білме, білгеннің тілін алма" деген қарғысқа түсіп қалмаңдар деп отыратын. Ұяда осындай нәрсе көрген біз қандай болып өсуіміз керек еді?! Қайрат та өлім жазасына кесілер кезде шынын айтып кетті.
- "6 жыл өзге жанұяда тұру оңайға соқпады": Боксшы Сәкен Бибосынов спорттық мансабы, Токиодағы Олимпиада мен Белградтағы жеңісі жайлы айтып берді
- Қазы-қартадан жасалған Алатау: Қырғызстандағы Қазақстан елшілігіндегі дастархан әлеуметтік желіде сынға ұшырады (видео)
Ағамның әділдігін мынадан білуге болады. Шамамен 4-сынып оқимын. Қайрат 6-сыныпта. Біз туып-өскен жақта бөкендер көп жүреді. Қыста қалың қар жауса, шөп іздеп қораларға, үйлерге де кіріп кететін. Қызық көріп ұстап аламыз. Қазіргідей меринос қой дейтін болмайтын. Барлық үйде қаракөл қойлары. Жүні мамық, бұйра болып келеді. Бір күні көрші бала маған жүгіріп келіп, бөкен көресің бе деп айтты. Мен оған шын ба деп сұрап едім, иә деді. Сөйтіп оның қорасына келдік. Есіктегі шелден ақырын сығалап едім, қойға ұқсайды. Түсі де мүлде ақбөкенге келмейді. Сөйтіп неге алдайсың деп жұдырықпен бір қойдым да кетіп қалдым. Сөйтсем ол Қайратқа барып айтыпты. Інің мені ұрды деп. Қайрат мені жетектеп алдына апарды. Көршінің баласы емес пе, неге ұрасың деп сұрақ қоя бастады. Шынымды айттым, бөкен деп алдады дедім. Қайрат та сенбей, қораға барып көріп келді. Расымен, бөкен емес, қой екен. Осыдан кейін Қайрат көршінің баласын алдағаны үшін шапалақпен тартып жіберді.
– Желтоқсан оқиғасы жайлы көп айтылды, бірақ әркімнің шындығы әртүрлі. Сол ызғарлы желтоқсанның куәгері ретінде сол күні не болғанын айтып берсеңіз.
– Қайрат әскерден келген соң оқуға түсті. 1986 жылы ол Алматыдағы сәулет-құрылыс институтына, мен политехникалық институтқа түстім. 1986 жылы Дінмұхамед Қонаевты Қазақстан Орталық комитетінің бірінші хатшы қызметінен алып, орнына Геннадий Колбин басшы болып келді. Алаңға барып, "Менің елім" деп ұрандатып тұрдық. Адам көп, әскерилер трибунаны қоршап тұрды. Бірінші қатарға Жоғарғы милиция училищесінің 3-курс студенттерін қойды. Трибунаға шығып сөз сөйлеп жатты. Меңдібаев дегендер шықты, бірақ оларды қармен атып қуып жібердік. Солардың арасында тек Нұрсұлтан Назарбаев қасымызға келді. Бізге күш қолданылуы мүмкін, сендерді аяп тұрмын, қайтыңдар деп айтты.
Біраз уақыттан соң үкімет үйінен адамдар келіп, талаптарың болса, Колбинге айтыңдар деді. Сөйтіп ақылдасып, төрт адам шықты. Әлі есімде, сол төрт студенттің арасында Ахметова деген қыз болды. Заң мен Лениннің ұлттар жөніндегі тезисін негізге ала отырып, әр елді, әр облысты сол жердің тумасы басқару керектігін айтып берді. Айтқанының бәрі шын. Сол кезде олардың қолдарын қайырып, трибунадан алып кетті. Қазір сол Ахметова деген қыздың қайда екенін білмеймін. Студенттер мен әскерилер арасындағы қақтығыс осыдан кейін басталды. Мұны ешкім айтпайды.
Алаңға келген уақытта милиция училищесінің 3-курсында оқитын жігітпен таныстым. Жерлесім екен. Ол да Мойынқұмнан. Сөйтіп сөйлесіп тұрғанда шу басталды. Жерлесімді ұра алмадым, жанында тұрған солдатты жұдырықпен салып қалдым.
Алдыңғы қатарда тұрып, өз талаптарын айтқандар қазір жоқ. Қайрат болды, мен болдым. Ешкім медаль алу үшін, Желтоқсан ұйымын құрамыз деп ұмтылған жоқпыз.
– Қайраттың сол толқуларды ұйымдастырғаны рас па?
– Қайрат, 18 желтоқсанда болу керек, жатақханаларды аралап, студенттерді жинаған екен. Қалада қандай институттың жатақханасы бар, барлығына барған. Менің жатақханама келгенде менің де алаңға кеткенімді естіпті. Осылай алаңға екі мыңға жуық студентті ертіп келді.
Қақтығыс кезінде фотоға түсіріп жүргендер болған. Солардың бірін Қайрат тоқтатып, фотоаппаратын сұрапты. Бермей қойған соң, қолынан жұлып алып, фотоаппаратты сындырған. Милиционерді ұрған, бірақ жанындағы Ертайлар тепкілеп, субұрқақтың ішіне тастап кетіпті. Хатында осының барлығын жазады. Бар істеген қылмысым осы дейді.
Алаңда болғандардың суреттерінен үлкен альбом жасады. Мені де, Қайратты да сол арқылы тауып алды. Сол кезде политехтің ректоры болған Рақышев алаңда болғандарды ұстап берген жоқ. Старосталарға айтқан екен, танығандарың болса, бізге айтыңдар деп. Сөйтіп студенттерді әр түрлі себептермен оқудан шығарды. Мен училищені үздік бітіргенмін. 1987 жылы қаңтар айында оқудан шығарылдым. Тек политех студенттері ғана сотталмады. Баян Рақышев мұны екі түрлі себеппен жасауы мүмкін: біріншісі – бізді аяды, екіншісі – өз орнын сақтап қалу үшін солай істеді.
– Сол оқиғалардан кейін не болды? Ағаңызды соңғы рет қашан көрдіңіз?
– Қайрат тұтқындалған соң әкем, жездем, үшеуіміз ол отырған түрмеге келдік. Целинный кинотеатрның жанында УВД ғимаратының жертөлесінде Қайрат қамауда еді. Сол жерде алаңда өзім төбелескен солдатты көріп қалдым. Ол да мені таныды, бірақ мені ұстап әкетпеді. Тез қашып кет деп айтты. Жездем екеуміз тұрғанбыз, жездеме айтып кетіп қалдым. Кейін құжаттарды жинап, 1987 жылдың 18 мамырында әскерге аттандым.
Оқудан шығарылған соң ағаммен кездесіп, сөйлестім. Алаңдағы оқиғаларды, қалай болғанын, не істегенін барлығын айтып берді. Хатында да "бірінші Құдайға, екінші Талғатқа сенемін" деп жазды. Жанында Бауыржан мен Ертай деген достары болған. Ертайдың әпкесінің үйінде бір-бірін ұстап бермейміз деген серттескенін айтты. Бірақ қамауға алғанда Бауыржан мен Ертай жала жауып, Савицкийді өлтірді деп айтқан. Тергеушілер осыны негізге алыпты. Ертай деген досы өлгенше Қайраттың өліміне өзін кінәлап өткен екен. Бұл туралы оның туған әпкесі айтқан.
– Қайрат Рысқұлбековтің өлімі жайлы түрлі деректер айтылады. Өз-өзіне қол салғаны рас па?
– 1987-де Қайраттың соты болып, Савицкийді өлтірді деген айыппен өлім жазасына кесті. Бұл қазақтың рухын сындыру үшін жасалған болатын. Бірақ кейін өлім жазасын 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырды. Себебі Горбачевқа 17 елдің басшысы хат жазып, 21 жастағы жігітке бұл жазаның тым ауыр екенін айтқан. Ол ешқандай рецидивист емес, кісі өлтірмеген, бұрын сотты болмаған. Осының арасында Мұхтар Шаханов та бар. Қазір Ресейге санкция қойған секілді сол кезде ел басшылары өздерінің араша түсетінін мәлімдеген.
Жаза 20 жылға ауыстырылды. Ол уақытта әр елдегі қылмыскерлерді жинап, вагонмен Ресейге алып баратын. Қайратты осындай эшалонмен Сверловск қаласына алып кетті деп айтқан. Бірақ Семей қаласынан жалғыз өзін түсіріп алып қалыпты. Мақсаттары – Қайратты елден шығармай өлтіру. Бұл үшін камерасына Власенко дегенді апарып қойған. Өз-өзін өлтірді дегені – өтірік.
Кейін Қайратпен бір камерада болған жігіт хат жазыпты. Шындықты айтамын, барлығын білемін, тек мені қорғасаңдар болды депті. Хатты алып Мұхтар Шахановқа бардым, орысты ауылға алып кетемін деп едім, ол да келісе кетті. Жолға шыққалы жатқан едік, бірақ сол жігітті түрмеден босай сала пышақтап кеткен екен.
Әкеміздің інісінің баласы дүниеге келгенде атын Қайрат деп қойды. Бірақ есімін Қайрат деп қойғанымен, дәл Қайраттай болып кетпейді ғой. Ел ішінде талай Махамбет пен Исатайлар жүр. Барлығы бірдей батыр болып кеткен жоқ.
– “Алаңға шыққандардың аяғын сындырамын” деп айтқан екенсіз. Бұлай деуіңізге не себеп болды?
– Бұрын да айтқам, әлі де айтып келе жатырмын. Егер 16 желтоқсанда бала-шағасын, әйелін қосып алаңға келіп, митинг өткізетін болса, аяқтарын сындырамын дедім. Иә, үкімет төлеуі керек шығар, көмектесуі керек шығар. Бірақ әйелін, отбасын асырай алмаса, несіне еркек болып жүреді. Қазақ еш уақытта ханның алдына бала-шағасын, әйелін жіберіп қойып отырмаған. Көшеге шығудың да қажеті жоқ. Жай ғана барып сұра. Бермесе, Құдайға сал да, кете бер. Тәуелсіздік күні алаңға бүлік шығару үшін келудің қажеті жоқ. Балаңды өзің асырай алмасаң, “мен бала туып берем, сен асырайсың” деп үкіметпен келісім жаса. Мұны ақымақтық деп есептеймін.
– Қалай ойлайсыз, Желтоқсан оқиғасы өзіне лайық бағасын алды ма?
– Бүгінгі күнге дейін 300-ден аса ұлт-азаттық көтеріліс болған. Олардың барлығын 365 күнге бөлсек, бір күн жоқ шығар адам өлмеген. Енді солардың барлығын қаралы күн деп мойындасақ, бос күн қалмай қалады. Желтоқсанда біз ұлттық мүддені қорғап шықтық. Тәуелсіздік жолында бауырым құрбан болды. 16 желтоқсан – қастерлі күн. Тәуелсіздік күнін тойлауымыз керек. Жаңа жылды да тойлап жатырмыз ғой. Сондықтан Қайраттың қанымен келген елдің берекесін бұзуға жол бермеймін.