"Қазақстанда әділдік жоқ": Талғарда кісі қолынан қаза тапқан жасөспірімнің әкесі Қазақстаннан көшетінін мәлімдеді
Талғарда бір топ қаскөйлердің қолынан қаза тапқан 16 жастағы Шерзаттың әкесі Қазақстаннан көшуден басқа амалы қалмағанын айтып, желіде тараған видеоға қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодсн скрин
Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов Қазақстанда ұлының өліміне қатысты әділ шешім шықпайтынына көзі жеткенін айтты.
“Бір ғана өтінішім бар, қазақ елінде ешқандай қан-төгіс болмасын. Тоқаев мырзадан сұрайтыным, отбасымды аман-есен алып, басқа мемлекетке көшіп кетуіме жағдай жасасын”, – деді Шерзаттың әкесі.
Сондай-ақ Қаржаубай Нұрымов күні кеше желіде тараған өзінің пышақ ұстаған видеосына қатысты пікір білдірді.
“Олар пышақпен келді. Мен енді қаламмен немесе қағазбен шықпаймын ғой. Жалынып, жалбарынып сұрадым, қолдарын алдым. Сол жерде қолдарын еркекше беріп кетті. Артынан келіп істеп отырған тірлігі – мынау. Мен, Шерзат немесе Нұрқанат біреуіміз сол жерде қан төксек бізді қаралап, “қанішер” десеңіздер болады. Мен қан төккен емеспін, қан төкпеймін де. Менің басымдағы жағдайды, қарындасымның, анамның, әйелімнің қалай жылағанын көрсеңіздер түсінесіздер. “Анам, әкем” деп жылау бір бөлек, бірақ “ботам” деп жылау мүлдем бөлек. Мен қазақ болған соң бірде-бір қазақтың қаны төгілмесін деймін. Айтарым осы. Соттаймын, атамын десеңіздер, өздеріңіз білерсіздер”, – деді марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымов.
Сонымен қатар ол өзін де, ұлын да, оқиға орнында болған інісі Нұрқанатты да , тіпті басқасын да ақтамайтынын айтты. Қаржаубай соттың әділ шешімін мақсат тұтатынын жеткізді.
“Маған тек әділ соттың шешімі керек. Егер менің кінәм болса, мейлі, айыптай берсін. Бірақ менің баламды өлтірген адам өзінің лайықты жазасын алу керек. Менің отбасымды қаралудың қажеті жоқ. Егер ол жігіттердің әкесі еркек болса, қариялардың видеосын Tik Tok, Instagram-да таратып, әйелдерді жібермей, менің үйіме өздері келер еді. Жақындарымды Алматыдан аман-есен шығару алуым керек. Соттың ұзаққа созылатыны белгілі. Маған келіп, сұхбат алып жатқандар көп, бірақ мен өз адвокаттарыма ғана сенемін. Мен өзім үшін қорықпаймын. Мейлі, атып, бауыздап кетсін, тіпті сотқа берсе де бәрібір. Мен тек бауырларымнығ , балаларымның, ата-анамның амандығын қалаймын. Ақырында мені өлтіріп кетсе де, жақындарымның менің өлгенімді көріп, жоқтағанын қаламаймын”, – дейді Шерзаттың әкесі.
Айта кетейік, күні кеше желіде оқиға болжан жердегі дүкеннің бейнебақылау камерасына түсіп қалған видео тараған еді. Видеодан Марқұмның әкесінің қолында пышақ барын байқауға болады. Марқұм Шерзат әкесі мен бір топ жігіттердің арасына түсіп, тоқтатуға тырысып жүр.
Бұған дейін “Хасанды босқа қараладыңдар” деген "Хутор" ауылының тұрғындары қазақстандықтарға үндеу жасаған еді.
Еске салсақ, бұған дейін Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім көз жұмған еді. Қазір 16 жастағы жасөспірім мерт болған Талғар қаласын Ұлттық ұлан сарбаздары күзетіп жатыр.