Қазақстандықтарды ақша үшін 17 жастағы қызбен жыныстық қатынасқа түсті деп айыптаған қылмыстық топ әшкереленді
Алматы облысында полиция Талғар ауданында адамдарды бопсалап, алаяқтық жолмен ақша тауып жүрген бір топ бұзақыларды ұстады. Қылмыстық топты ұйымдастарған 19 жастағы жігіт болып шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Polisia.kz
Қылмыстық топты бастаған 19 жастағы жігіт – Қайназар ауылының тұрғыны. Олар өз құрбандарын әлеуметтік желіден іздеген.
“Бұзақылардың ішінен 17 жастағы қыз әлеуметтік желіде жігіттермен танысып, кездесуге шақырады. Кездесу кезінде қыз жігітке қызығушылық танытқандай болып, өзін еркін ұстаған. Көп ұзамай олардың жанына бір топ жігіт келіп өздерін қыздың ағасымыз деп таныстырған. Олар жігітке қызбен жыныстық қатынасқа түстің деп жалған айып тағып, одан ақша бопсалады. Бұзақылар күш көрсетіп, жігіттің құжаттарын, бағалы заттарын тартып алып, қомақты ақша жіберуін талап еткен”, – деп мәлімдеді Алматы облысы полиция департаменті.
Қылмыскерлердің құрығына түскендердің бірі – 24 жастағы алматылық жігіт. Алаяқтар оның төлқұжатын, көлігінің құжаттарын күштеп тартып алып, 100 мың теңге аударуын талап еткен. Сөйтіп қаскөйлер одан 1,4 миллион теңге бопсалаған.
“Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел іздестіру шараларының нәтижесінде топтың барлық мүшесін ұстады. Олардың үстінен бопсалау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полицияға жеті адам жеткізілді, оның төртеуі негізгі айыпталушы ретінде уақытша ұстау изоляторына қамалды”, – делінген хабарламада.
Қазір қылмыстың барлық мән-жайы мен басқа да жәбірленушілер анықталып жатыр.
Бұған дейін қазақстандық әйел өзін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерімін деп таныстырған алаяқтардың кесірінен екі пәтері мен көлігінен айырылған еді.