Талдықорғанда "Яндекс" жүргізушілері ереуілге шықты
Талдықорғанда "Яндекс.Такси" жүргізушілері платформаның жұмысына наразылық білдірді. Олар кепілдендірілген бонустардың жоғалуына шамданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жүргізушілердің айтуынша, қосымшадан 50 сапарға кепілдендірілген бонустар жоғалып кеткен және кішігірім тапсырыстар үшін қашықтық өзгерді.
"Біз бұрынғы шарттардың қайтарылғанын қалаймыз. Біріншіден, 50 сапар үшін берілетін бонустар қажет, екіншіден, алыс сапарларды есептеу алгоритмін 2,5 км-ден 1,8 км-ге дейін өзгерту керек. Қазірдің өзінде электр самокаттарға қарағанда арзанырақ жұмыс істеп жатырмыз, ұят", – дейді жиналғандар.
Наразылық акциясына елу шақты адам қатысты.
“Яндекс” бұл жағдайға түсініктеме беріп, қазіргі таңда барлығы әдеттегідей жұмыс істейтінін мәлімдеді.
“Талдықорғандағы жүргізушілердің табысы төмендеген жоқ, керісінше, өткен жылдың тамыз айынан бастап шамамен 15%-ға өсті. Қала жүргізушілерінің орташа табысы – "Эконом" тарифінде сағатына 2300 теңге”, – деп мәлімдеді Яндекс.
Мәлімдеуінше, жүргізушілерге арналған мотивациялық бағдарламалар бар.