"Жыл сайын тек бір компанияға қомақты қаржы беріп отыр": Талдықорған қаласының 80 жылдық мерейтойын өткізуге 55 миллион теңге бөлінген
Желіде Талдықорған қаласының 80 жылдық мерейтойын өткізуге 55 миллион теңге бөлінді деген ақпарат тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
https://www.instagram.com/80taldyqorgan/ Салтанатты шарадан кадрлар
Ақпаратқа сәйкес, бұл іс-шараны алматылық "Advertising Media center" компаниясы ұйымдастырады екен.
"Мемлекеттік сатып алулар сайтындағы мәліметтерге қарасақ, компания ұйымдастыруды конкурссыз-ақ жеңіп алған. Тіпті бір жыл бұрын бұл компания Талдықорған қаласынан 100 миллионнан астам сомаға эстетикалық жарықтандыруға мемлекеттік тапсырыс ұтып алған. Ал "Advertising Media center" компаниясының иесі Наталья Расторопнова. Ол 4 миллион доллар (1 миллиард 952 миллион 400 мың теңге) бөлінген ресейлік "Залётчики" фильмінің продюсері. Фильм жарыққа шыққан кезде Ресей сыбайлас жемқорлық схемасы бар ақша бөлінді деген мәселе көтерген. Тіпті BadComedian есімді атақты шолу жасаушы да осы мәселеге ерекше тоқталып өткен. Еліміздің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне үндеуім, мұндай схема қашанға дейін жалғасады. Тіпті қала әкімі Ернат Бәзіл бұл мәселені көтеріп жатқан жоқ. Ол соншалықты бәріне разы ма? Меніңше, иә. Жыл сайын белгісіз компанияға 100 миллион теңге беріп отыр", – делінген желіде тараған видеода.
Видео авторының сөзінше, мұндай мемлекеттік тапсырыстарды мұқият тексеру керек. Себебі мерекелік іс-шараға жұмсалады деген ақшаның қайда кеткенін кейін тексеру қиын дейді.
Фото: Видеодан скрин
Осы ақпаратқа қатысты Stan.kz тілшісі "Талдықорған қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі" мемлекеттік мекемесінен жағдайдың мән-жайын сұрап білді.
Фото: Видеодан скрин
Мемлекеттік мекеменің мәліметінше, Талдықорған қаласының 80 жылдығын тойлауға арналған іс-шараны өткізуге тиімді баға ұсынған компания таңдалыпты.
@ivan_strizhakov #рек #казахстан #новости #алматы #деньги #коррупция ♬ оригинальный звук - Иван Стрижаков
"Мемлекеттік сатып алу туралы" заңға сәйкес Тапсырыс беруші өнім берушіні анықтау мақсатында веб-портал арқылы сатып алынатын тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтерді жүзеге асыратын үш әлеуетті өнім берушіге коммерциялық ұсыныстар жіберген. Жеткізілетін тауарлардың сипаттамаларын анықтайтын прайс-парақтар түрінде әлеуетті өнім берушілердің коммерциялық ұсыныстары алынды. Нәтижесінде, Талдықорған қаласының 80 жылдығын тойлауға арналған іс-шараны "Жастар" саябағында өткізуге үздік баға ұсынған жеткізуші таңдалды", – делінген хабарламада.
Айта кетейік, 28 қыркүйекте Талдықорған қаласының 80 жылдығы атап өтілді. Жоғарыда аты аталған “Жастар” саябағында түрлі қойылымдар мен көрмелер ұйымдастырылып, жергілікті өнерпаздар мен қазақ эстрадасының жұлдыздары өнер көрсеткен. Дәстүр бойынша облыс орталығының дамуына үлес қосқан тұрғындарға қаланың құрметті азаматы атағы беріліп, марапатталған.