Талантты боксшылар қаржылай қолдау аз болғандықтан даяшы немесе күзетші болып кетеді — Қазақстан чемпионы Айгерім Сәттібаева

Фото:Спортшының жеке парақшасынан
Жуырда Семей қаласында өткен ел біріншілігінде 48 келі салмақта өнер көрсеткен бес баланың анасы Айгерім Сәттібаева араға 15 жыл салып, Қазақстан чемпионы атанды. Чемпион атанғаннан кейін боксшымен сөйлесіп, қазіргі бокс саласындағы түйткілді мәселелер мен жас спортшылардың жағдайын Stan.kz тілшісі сұрап білді.
Спортшы сұхбат барысында боксқа байдың балалары келмейтінін, ал талантты боксшылар қаржылай қолдау аз болғандықтан отбасын асырау үшін боксты тастап кетуге мәжбүр болатынын айтты.
Шыны керек, бізде қаржы жағы сәл қиындау болып тұр. Өзіміз чемпион атанып, үлкен додаларда жеңіске жетіп, Жамбыл облысындағы боксты дамытуға, бізден кейінгі спортшыларға жол ашып, олардың жолын жеңілдетуге атсалысқым келеді. Жамбыл жерінен талай Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлер шыққан. Мысалы, көп алысқа бармай-ақ қояйық Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев, Елдос Сметов, Олимпиада ойындарының жүлдегері Ақжүрек Таңатаров сынды көптеген таланттар шыққан киелі өңір. Өзім бапкерлік еткен кезде Таразда өте дарынды спортшылардың көп екенін көзім жетті. Сондықтан спортшыларды дұрыс қолдау қажет. Қазір заман қиын. Егер қаржылай қолдау болмаса — спорттан кетуге мәжбүр боласың. Мысалы, кейбір боксшы қыздар даяшы болып кетеді. Боксқа жағдайы бар, байдың баласы келмейді. Керісінше, өз еңбегімен жетуді мақсат еткен қарапайым отбасынан шыққан қыз-жігіттер келеді. Бірақ олар оқу бітірген соң ата-анасы үнемі ақша беріп тұра алмайды ғой. Осындай кезде, әсіресе облыста қаржы тапшылығы болғанда, көпшілігі спортты тастап кетуге мәжбүр болады.
Айгерім жас спортшылардың бірден нәтиже көрсете алмайтынын, оларға уақыт пен тәжірибе қажет екенін айтады.
Жас боксшы бірден Қазақстан чемпионатын жеңе алмайды. Ондай жағдай мыңнан бір рет қана кездеседі. Жас спортшыларға кемі екі-үш жыл тәжірибе жинап, құрама сапында шыңдалу керек. Мысалы, мен өзім Қазақстан чемпионатында талай мықты қыздарды жеңдім, себебі тәжірибем көбірек болды. Бірақ сондай талантты қыз-жігіттерді спорттан айырмау керек. Бір өкініштісі, олар күнкөріс үшін басқа жұмысқа кетеді: қыздар даяшы, жігіттер күзетші болып істейді. Өйткені отбасын асырау керек, ал он сегізге толған соң студенттердің оқу ақысын да төлеу қажет. Қазір бәрі ақылы, сондықтан көпшілігі спортты тастап кетеді.
Сәттібаеваның ең үлкен арманы — жастарды спорттан кетірмей, оларға қолдау көрсету. Сонымен қатар боксшы жалындап тұрған жастарды спорттан кетірмей, қолдайтын спортқа шын жаны ашитын ағалар болса деген ізгі тілегі бар екенін жеткізді.
Егер сол жастарды спорттан кетірмей, қаржылай қолдау көрсетіп, айлыққа қойса, “сен спортты тастама, тәжірибе жина, алда топ жаруға мүмкіндігің бар” деп қолдау білдірсе — нұр үстіне нұр болар еді. Сонда олар спорттан кетпей, жаттығуын жалғастырып, тұрақты табыспен болашақта үлкен жетістіктерге жетер еді. Шыны керек, қазір көптеген болашағынан үміт күттіретін нағыз талантты боксшылардан айырылып қалып жатырмыз. Спортты шын жүректен қолдайтын, жанашыр, қалталы азаматтар болса екен деймін. Бәрін емес, бірақ көзі оттай жанып тұрған жастарды қолдап, демеу көрсетсе, үлкен нәтиже болары сөзсіз. Менің арманым — осындай шын таланттарды болашақта қолдау. Әрине, ол үшін алдымен өзім көтерілуім керек. Өз облысыма жаны ашитын адам ретінде, Жамбыл спортының өркендеуіне үлес қосқым келеді.
Чемпион алдағы уақытта өзі де бапкерлікпен айналысып, Жамбыл спортының өркендеуіне үлес қосуды мақсат етіп отыр.
Авторы:Ақерке Өмирхан
"Үш сағат істейтінді бізде он минутта бітіреді": Германиядағы қазақ дәрігері сүндеттеу ісінде Қазақстан қалай алға кеткенін айтып берді

