Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Туристің чемоданынан 17 жастағы қыздың мәйіті табылды

аустриялық турист
Фото: Мetro.co.uk

Аустралиялық турист Таиландта 17 жастағы қызды өлтіріп, оның мәйітін чемоданға салып жасырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Metro порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға 25 маусым күні Таиландтың секс-туризмімен танымал Паттайя курортында болған. 45 жастағы Саймон Карман жағажайда 17 жастағы Тунчанок Донхомлумен танысқан. Полицияның болжамынша, ер адам қызға 1 мың тай батын төлеуге келіскен, алайда қонақүйге барған соң оның жартысын ғана ұсынған. Осыдан кейін екеуінің арасында жанжал туындап, соңы қыздың өлімімен аяқталған.

Бейнебақылау камераларының жазбасына сәйкес олар қонақүйге жергілікті уақыт бойынша таңғы 03:30 шамасында келген. Сол күні кешкі сағат 22:00-де Карман қонақүйден қара чемоданмен шығып, мотоциклмен кетіп қалған. Біраз уақыттан кейін ол қонақүйге қолында ештеңесіз оралған.

Кейінірек теміржол маңынан чемоданның ішіне салынған Тунчанок Донхомлудың мәйіті табылды. Күдікті Бангкок әуежайында Аустралияға ұшпақ болған кезде ұсталды. Алғашында ол кінәсін мойындамағанымен, тергеушілер бейнежазбаларды көрсеткеннен кейін қылмысын мойындаған.

Сотта ол марқұмның туыстарынан кешірім сұрап "Мұндай жағдайдың болғанына қатты өкінемін. Бұл ешқашан болмауы керек еді. Басқа қыздарға сақ болуды ескертіңіздер" деп айтқан.

Қазір Карманға бірнеше ауыр айып тағылған. Егер кінәсі дәлелденсе, оған өмір бойына бас бостандығынан айыру немесе өлім жазасы тағайындалуы мүмкін.

Тунчанок Донхомлу Бангкоктан Паттайяға көшіп келіп, қаланың түнгі өмірімен танымал көшесінде жұмыс істеген. Өгей анасы Оради Буссаракумның айтуынша, отбасы қызбен бірнеше рет байланысуға тырысқанымен, нәтиже болмаған.

Оның сөзінше, қыз кейде өгей анасы мен әкесіне көмектесіп, Сонгкран мерекесі кезінде көшелерде гүл шоқтары мен жеміс сатып жүрген. Отбасы оны жұмыс істеуге мәжбүрлемегенін айтқан.

Еске салайық, бұған дейін 2025 жылдың тамыз айында Шымкентте 26 жастағы Диана Оңғарбаеваның мәйіті қоқыс жәшігінің маңынан табылған еді. Тергеу мәліметінше, үй тазалауға барған әйелді 11-сынып оқушысы өлтіріп, қылмысын жасыру үшін мәйітін пакетке орап қоқысқа тастаған. Алғашқы сот үкімімен жасөспірім 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған еді. Апелляциялық сот кейін оның жазасын 8 жыл 6 айға дейін ұзартты.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 30 Маусым, 2026 12:04