Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Суретке түсу үшін”: Алматыда гүлзарға отырғызылған гүлдерді келушілер таптап тастаған

Видеодан скрин

Алматыдағы Тереңқұр аумағында егілген крокус гүлдерін келушілер таптап тастаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Достық даңғылы мен Оспанов көшесінің қиылысындағы тоған маңындағы жағдай әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Желі қолданушылары жариялаған кадрлардан гүлзардың тапталғанын байқауға болады.

Пікірлерде желі қолданушылары наразылық білдіріп, қаладағы абаттандыру нысандарын бүлдіргені үшін жауапкершілікті күшейтуге шақырды.

“Жұмысшылар әр гүлді өз қолымен отырғызады. Еңбектері тапталып жатыр”, “Меніңше, мұндай адамдарды тек айыппұлмен ғана емес, қоғамдық жұмысқа де тарту керек, “Камералар қайда? Неге бүлдіргендерге айыппұл салынбайды?”, – деп жазды желі қолданушылары.

Медеу ауданы әкімдігі Тереңқұр аумағын көгалдандыру жұмыстары өткен күзде жүргізілгенін, ал крокус гүлдері наурыз айының соңында гүлдей бастағанын хабарлады.

Сондай-ақ аудан әкімдігінің мәліметінше, гүлзарлардың бүлінуінің жекелеген жағдайлары ғана тіркелген. Өсімдіктерді қорғау үшін мамандар кейбір учаскелерді арнайы лентамен қоршап қойған.

“Терренкур” саябағы аумағына крокустар 2025 жылдың қазан айында абаттандыру жұмыстары аясында отырғызылды. Барлығы 27 мыңнан астам гүл егілді. Гүлдеу наурыз айының соңында басталды. Қазір гүлзарлардың тапталуының жекелеген жағдайлары тіркеліп отыр. Көгалдандырылған аумақтарды сақтау мақсатында кейбір учаскелер лентамен қоршалды", – делінген әкімдік хабарламасында.

Әкімдік мұндай әрекеттер үшін жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.

"Жасыл желектерді бүлдіру абаттандыру қағидаларын бұзу болып саналады және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505-бабының 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке әкеледі", – делінген хабарламада.

Аталған бап бойынша мынадай жаза түрлері қарастырылған:

  • жеке тұлғаларға ескерту немесе 20 АЕК көлемінде айыппұл (2026 жылы – 86 500 теңге);
  • шағын кәсіпкерлік субъектілері немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 30 АЕК (129 750 теңге);
  • орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 40 АЕК (173 000 теңге);
  • ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 100 АЕК (432 500 теңге).

Әкімдік мәліметінше, бұл аумақта крокустармен бірге қызғалдақтар, раушандар, магнолиялар, пиондар, түрлі бұталар, сондай-ақ қылқан жапырақты туя, арша және шырша ағаштары да отырғызылған.

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 06 Сәуір, 2026 21:29