Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атыраудағы атышулы іс: Сұлтан Сәрсемәлиев Наурызды өлтірген соң, атына несие рәсімдеп, жәрдемақыларын алып отырған

Күдікті
Фото: Видеодан скрин

Атырау облысындағы бір отбасының өліміне қатысты сот отырысында прокурор Мирас Бауыржанов айыпталушы Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты тергеу материалдарындағы қаржылық алаяқтыққа байланысты деректерді жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Прокурордың мәліметінше, күдікті Сұлтан Сәрсемәлиев бұрынғы жұбайының туған інісі Наурыз Мұқанғалиевті өлтіргеннен кейін оның жеке деректерін және банктік қызметтеріне қолжетімділігін пайдаланып, заңсыз жолмен пайда тапқан.

"2025 жылдың 15 мамырында сағат 15:29-да Сұлтан Сәрсемәлиев Наурыз Мұқанғалиевтің қайтыс болғанына сенімді бола отырып, алаяқтық жолымен заңсыз баю мақсатында қылмыстық ниет қалыптастырған", – делінген айыптау актісінде.

Айыптау актісінде көрсетілгендей, Сәрсемәлиев марқұмның телефонындағы банк қосымшасына кіріп, оның атына бірнеше тауарлық несие рәсімдеген.

Тергеу нұсқасы бойынша, күдікті 1 698 590 теңге, 150 000 теңге, 999 980 теңге және 1 200 000 теңге көлемінде төрт несие рәсімдеген, кейін бұл қаражат бірнеше компания мен жеке кәсіпкер арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылып, жеке мақсаттарға жұмсалған.

Ресми деректерге сәйкес, материалдық залал 4 048 570 теңгені құраған.

Сонымен қатар мемлекеттік айыптаушының айтуынша, айыпталушы бұрынғы жұбайының туған інісіне тиесілі әлеуметтік төлемдерді жүйелі түрде жымқыру схемасын да әзірлеген.

Сол телефон мен банктік деректерді пайдалана отырып, Сәрсемәлиев бірнеше ай бойы түскен зейнетақы және әлеуметтік төлемдерді өз шоттарына аударып, оларды өз қалауы бойынша жұмсап отырған.

Прокуратура деректеріне сәйкес, келтірілген залал 550 125 теңгені құраған.

Прокурордың айтуынша, Сәрсемәлиев WhatsApp желісі арқылы марқұм Мұқанғалиевтің атынан хабарласып, оның туыстарын жаңылыстырып, оны тірі және қалада жүр деп сендірген.

2025 жылдың 29 тамызында күдікті марқұм Наурыздың анасы Насіп Өтешкалиеваға шұғыл түрде 350 мың теңге беруін сұрап хабарлама жазған. Әйел ұлымен сөйлесіп отырмын деп ойлап, ақшаны дайындауға келіскен. Кейін айыпталушы қаражатты Жангелдин ауылының жолаушылар тасымалымен айналысатын тұрғыны арқылы беріп жіберуді сұраған.

"Ол ақшаны алып кетіп, банк терминалы арқылы шотқа аударуды сұраған және жол шығынын төлейтінін уәде еткен", – делінген айыптау актісінде.

Осылайша, Сәрсемәлиев алдау жолымен 350 000 теңгені иемденіп, оны өз қалауынша жұмсаған.

Еске салсақ, 18 мамырда Атырауда әйелінің туыстарын қатыгездікпен өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемәлиевтің ісі бойынша сот басталған еді. 

Оқиғаның мән-жайы

2025 жылғы желтоқсанда полицияға 66 жастағы ер адам – Мақсот Қарабалин, 64 жастағы әйел – Насипа Өтешқалиева және олардың балалары – 32 жастағы ұлы мен 35 жастағы қызының із-түссіз жоғалғаны туралы хабар түскен. Туыстарының айтуынша, отбасы мүшелері қараша айынан бері байланысқа шықпаған, олардың қайда екені белгісіз болған.

Төртеуі де хабар-ошарсыз кеткендер ретінде іздеуге жарияланды. Осы дерек бойынша соталды тергеу басталып, жедел-тергеу тобы құрылды.

“Былтыр желтоқсанның соңында Атырау қаласының тұрғыны полицияға ағасы мен оның отбасы ұзақ уақыт бойы байланысқа шықпай жатқанын айтып жүгінді. Жүргізілген жедел-тергеу шараларының нәтижесінде өлтірілген адамдардың мәйіттері әртүрлі жерлерге көмілген күйде табылды”, – деді ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов.

Биыл 6 қаңтарда тергеу әрекеттері барысында үйлердің бірінің шаруашылық құрылысынан Мақсот Қарабалин мен Насипа Өтешқалиева мәйіттері көмілген күйде табылды. Осыдан кейін іс кісі өлтіру дерегі бойынша қайта сараланып, жоғалған балаларды іздеу жалғасқан.

Қылмыс жасады деген күдікпен 29 жастағы Сұлтан Сәрсемәлиев – қаза тапқан отбасының бұрынғы күйеу баласына халықаралық іздеу жарияланды. Онымен бірге марқұмдардың кенже қызы да халықаралық іздеуге берілген. Бұған дейін ол күдіктімен некеде болған.

“Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері Индонезия Республикасындағы әріптестерімен бірлесіп, аталған елдің аралдарының бірінде Атырау облысындағы резонанстық отбасы өліміне күдікті азаматты ұстады. Қазір ол Қазақстанға депортацияланып, уақытша ұстау изоляторына қамалды”, – деді Қанат Нұрмағамбетов.

Күдікті Индонезияда ұсталды. Онымен бірге отбасының кенже қызының да жүргені анықталған. Ұсталғаннан кейін ер адам кінәсін мойындап, тергеуге жауап берді. Оның жауабы бойынша, жедел-тергеу тобы қайта тергеу әрекеттерін жүргізіп, Атыраудағы үйдің ауласынан бұрын хабар-ошарсыз кеткен Мирамгүл Қарабалина мен Наурыз Мұқанғалиевтің мәйіттерін тапты.

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 18 Мамыр, 2026 19:21