Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Суицидке мәжбүрледі": Астанада мектеп терезесінен секіріп кеткен оқушының анасы өз шындығын айтты

Астанада полиция терезеден секіріп кеткен 8-сынып оқушысына қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр. Баланың анасы ұлының төртінші қабаттан секіріп кетуіне сыныптастары себеп болған дейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

8-сынып оқушысы сабақ үстінде мұғалім мен сыныптастарының көз алдында терезеден секіріп кеткен. Мектеп директорының айтуынша, оқушы ағылшын тілі сабағында кенет терезені ашып, төртінші қабаттан секірген.

“Жағдай бір-ақ сәтте болған. Балалар тапсырма орындап жатқан. Ал мұғалім тапсырма беріп, оқулыққа қарап отырғандықтан, оқыс оқиғаның алдын ала алмады. Қалай болғанын ешкім көрмеген. Бұлай болады деп ешкім күтпеді, себебі бала сабырлы, салмақты. Сабақ кезінде де тәртіпті, тапсырмасын орындап отыра беретін. Сондықтан бұлай істеуіне нақты не себеп болғанын айта алмаймыз”, – дейді №72 мектеп-лицейінің директоры Айман Дүйсенова.

Бірақ баланың жақындары болған жағдайға қатысты өз болжамын айтты. Анасының айтуынша, ұлын терезеден секіруге әлдекімдер мәжбүрлеген. 

“Бір қыз бен ұл өзінен ақша бопсалағанын айтты. Ал өзінің үш сыныптасы оны дәретханада ұрып-соққан. Олар баламды сабақ біткен соң өлтіріп кетеміз немесе полицияға тапсырамыз деп қорқытқан. Ол ашуланып кеткен. Ағылшын тілі сабағы басталғанда терезеге қарап отырып, сабақ біткен соң терезеден секіріп, өзіне қол жұмсамақ болған. Сөйтіп секіріп кеткен”, – дейді оқушының анасы Ләззат Рахмаш.

Баланың әпкесі де тар сыныпта ешкімге білдірмей терезеден секіріп кету мүмкін емес екенін айтты.

“Біз сыныпты көрдік, ол өте кішкентай. Іште әр қимыл-қозғалыс сезіледі. Оны байқамау мүмкін емес. Терезе оның бойынан әлдеқайда жоғары орналасқан. Сол себепті оның бір-ақ сәтте терезеден секіріп кетуі мүмкін емес. Баланы суицид жасауға мәжібүрледі деп ойлаймыз”, – дейді әпкесі Жұпаргүл Қуаныш. 

Мектеп директоры лицейде мұндай төтенше жағдайдың бұрын-соңды болмағанын айтты. Қазір полиция мектепте қорқыту, үркіту әрекеттері болды ма, жоқ па, соны анықтау үшін тергеу жүргізіп жатыр.

“Істі сотқа дейінгі тергеп тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркедік. Оны тергеу нәтижесінен кейін ғана қорытынды жасай аламыз. Қазір оқиғаға не себеп болғаны туралы нақты айта алмаймыз. Ол үшін қажет зерттеулер мен сараптамалар тағайындау керек”, – дейді Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев. 

Қазір оқушы ауруханада жатыр. Оған шұғыл түрде ота жасалды. Дәрігерлер баланың қазіргі жағдайын тұрақты ауыр деп бағалап отыр. 

“Өте ауыр жағдайда түсті. Жарақаттары көп, кеуде қуысы мен өкпе жарақаты, миы шайқалған, аяқ-қолдары сынған. Отаның екінші кезеңі бар. Бірақ ол үшін науқастың жағдайының тұрақталуын күтеміз”, – №2 қалалық көпсалалы балалар ауруханасының травматология бөлімінің меңгерушісі Арслан Дүйсенбаев. 

Травматологтың айтуынша, бала ұзақ уақыт емделеді. Ең аз дегенде ауруханада 10-14 күн жатады. Бұдан кейін ол ұзақ уақыт қалпына келеді. Сондай-ақ міндетті түрде физиотерапияға барып, психологпен жұмыс істеуі керек. Кемінде бес апта төсекте жатуы қажет. 

Бұған дейін сегізінші сынып оқушысының жұмбақ жағжайда терезеден секіріп кеткені туралы жазған едік.

Талқылау