"Бір кеспені 10-12 секундта созамын": Қамыр жайып желіні жарған қазақстандық аспаз жігіт қыз-келіншектерге кеңес берді
Әлеуметтік желіде “Лапшичник бала” деген лақап атпен танылған Жанарыс Серікұлы – кеспенің түр-түрін дайыдаудың шебері. Жанарыстың асқан ептілікпен аз уақытта қамыр созған видеосы көпті таңғалдырды. Аспаз жігіттің ептілігінің сыры иілгіш қамырдың рецептісінде ме әлде оның дайындалу тәсілінде ме? Бозбала Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында танымал болуына кімнің себеп болғанын және жұрт сұраған созылғыш қамырдың құпиясын айтты.
Фото: Видеодан скрин
Жанарыс әлеуметтік желіде белсенді. Бүгінде еңбегін бағалап, қолдау білдіретін 36 мыңнан астам оқырман жинап үлгерген. “Кеспеші баланың” жұрттан жасыратын құпия рецепті жоқ. Оған желідегі парақшасында жариялаған видеолары дәлел.
“Видеом әлеуметтік желіге тарап кеткенде өзім де таңғалдым. Ол кезде әпкеме лағман жасап беремін деп, өзіміз видео түсіргенбіз. Аспаздықта жүргеніме көп бола қойған жоқ. 2021 жылы мектеп бітірген соң Алматыдағы Абай атындағы ұлттық университетке дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығына құжат тапсырдым. Сөйтіп ақылы бөлімге түстім. Оқуымды төлеу үшін даяшы болып жұмыс істедім. Жұмыс кезінде аспаз ағаларымның жанында жүріп, аспаздыққа деген қызығушылығым оянды. Өкіншке қарай, жұмыс істеп жүріп сабағым нашарлап кетті, солайша оқудан шығып қалдым. Кейін әскерге кеттім. 2023 жылдың көктемінен бері кулинария саласында жұмыс істеймін. Қазір осы салада жүргеніме 2 жылдай уақыт болыпты. Жанымдағы аспаздардан қамыр созып, лағман қуыруды үйрендім”, – дейді Жанарыс Серікұлы.
“Бір кеспені 10-12 секундта созамын”
Лағман көпшілікке ұнайды. Бірақ қыз-келіншектер тағамды дайындау көп уақыт алатындықтан, жиі әзірлей бермейтіні рас. Одан бөлек қамыр икемге келмей, үзіліп, шаршатып жіберетіні тағы бар. Жанарыс бірнеше адамға арналған лағманды 20-25 минутта созатынын айтады.
@zhanarisss #funny #рек ♬ оригинальный звук - Лапшичник Бала 👦🏽👨🍳
“Жұмыста қамыр илеу, дайындау, тағамның дәмді, сапалы болуы және оның аз уақытта дайындалуына көп мән береміз. Келушілердің ұзақ уақыт күтіп қалмауы үшін тағамды барынша тез дайындауға тырысамыз. Бірінші, әрине, сапа, екінші орында дәм, үшінші маңызды дүние – жылдамдық. Мұның сыры тағы да қамырға қосылатын дәмдеуіште демекпін. Сол астатымның есебінен қамырды тындырмауға болады. Әрине, тағамның да, қамырдың да сәтті шығуы үшін икемділік те қажет. Бір кеспені 10-12 секундта тартамыз. Бір отбасыны 4 адам деп алатын болсақ, тапсырыс максималды уақыт 4 минутта клиенттерге беріледі. Келуші тапсырысты 7 минуттан артық күтіп қалса, бізге ескерту жасалады”, – дейді Жанарыс.
“Қамырды көзмөлшермен, қолмөлшермен илеген дұрыс”
Әлеуметтік желіде қамырдың қалай жасалатынын сұрайтын жандар көп. Алайда Жанарыстың жұрттан жасыратыны жоқ. Ол парақшасында қамырдың дайындалу тәсілін кезең-кезеңімен көрсеткен.
“Мен ештеңе жасырмаймын, оның құпиясы да жоқ. Барынша түсіндіріп айтуға тырысамын. Тіпті арнайылап қамырдың жасалу процесін видеоға түсіріп, желіге жүктедім. Сәйкесінше, оқырмандардан қолдау күтемін. Қамыр илеуде ешқандай құпия жоқ. Тек қамырға дәмдеуіш пен астатым қосу керек. Негізі қамыр илеуде ешқандай қатып қалған қағида жоқ. Нақты 1 келі ұн, осынша су немесе тұз деп айта алмаймын. Көзмөлшермен, қолмөлшермен, қамырды сезініп отырып илеген дұрыс. Ұстазым солай үйреткен. Өзімді хас маманмын деп айта алмаймын. Мен әлі де үйреніп жүрмін. Ұстаздарымның менен де шебер шәкірттері бар. Қазір әлеуметтік желі арқылы видеоларым көпшілік арасында таралып, біраз оқырман жинадым”, – дейді “кеспеші бала”.
“Қамырды дәмдеуіш қосылған сумен илейміз”
Сондай-ақ ол созылғыш қамырдың қалай жасалатынын айтып берді. Айтуынша, көп адам қамыр илегенде уақыт үнемдеймін деп асығыстық жасайды. Ол тамақтың дәмді болуы қамырға да байланысты екенін еске салды. Тұз, суды мөлшерімен салған абзал дейді.
“Видеодағыдай созылатын қамырды дайындау үшін ұнға тұз бен су қосылады. Қамырды илеп алған соң арасындағы іртікті кетіріп, қамыр босаңсығанша арнайы фунхи (кейбірі “кунси” дейді) деп аталатын дәмдеуіш қосылған суды аз-аздан құйып отырады. 500 грамдық астатымды 2 литрлік суға салып, араластырады. Тағы бір ескеретін дүние – бұл қамырды тындырмаймыз. Қамыр бірден дайын қалыпқа келеді. Суға қосатын дәмдеуіштерді әдетте, қытайлық дәмдеуіштер сататын дүкендерден табуға болады”, – дейді кейіпкеріміз.
@zhanarisss #funny #рек ♬ оригинальный звук - Nurpeiis
Ұжымдағы ең кенжесі – Жанарыс. Оның айтуынша, жанындағы аспаз ағалары барынша көмектесіп, білгенін айтып жүреді. Әлеуметтік желіде жұмыс процесін көрсету де сол әріптестерінің салған ойы болса керек. Сол жандар желіде белсенді болып, оқырман жинауыма себеп болды дейді.
“Негізі бастапқыда дәмханамыз Астанада ашылған еді. Елордада оның бірнеше филиалын ашқан соң Петропавл қаласында болдық. Ондағы белгіленген уақыт аяқталған соң командамызбен Ақтауға аттанып, сонда жұмыс істеп жатырмыз. Дәмханаға келушілер легі толастаған емес. Жақсы пікірін де қалдырып кетеді. Соған қарап тағамдарымыз клиенттеріміздің көңілінен шығып жатыр деп баға бере аламын. Айлық табысым, біреуге аз, біреуге көп болуы мүмкін, 600 мың теңге. Шүкір, алдағы уақытта өз кәсібімді ашу жоспарда бар”, – деп ағынан жарылды аспаз жігіт.