Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қызылордалық сот 16 жастағы қызды жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген 4 күдіктіні босатып жіберді

Қызылордалық сот 16 жастағы жасөспірімді жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген күдіктілердің барлығын бостандыққа шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: pixabay

“НеМолчи” қорының жетекшісі Дина Таңсәрінің хабарлауынша, іске қатысты тергеу соты өтіп, судья төрт күдіктіні сот залынан босатып жіберген. 

“Бүгін құрбылары сексуалдық зорлық көрген қызбен сөйлестік. Біз әлі де өзімізге келе алмай отырмыз. Онда болған оқиға өте қорқынышты және кез келген баланың басынан өтуі мүмкін. Ешкім алдын ала сақтандырылмаған. Өйткені біз әлі де зорлаушыларды емес, зорлық-зомбылық құрбандарын кінәлайтын жүйеде өмір сүріп жатырмыз. Бүгін тергеу соты өтті, судья төрт күдіктіні де сот залынан босатты”, – дейді қор жетекшісі. 

Дина Таңсәрінің сөзінше, қазір отбасы мүшелері мен зардап шеккен қыздың өміріне қауіп төніп тұр. 



“Бұл шешімге біз қатты ашуландық. Өйткені сот қылмыскерлерге іздерін жасыруға, пара беріп дәлелдемелерді жоюына мүмкіндік беріп отыр. Біз судьяның әрекетінен сыбайлас жемқорлықты көріп отырмыз. Бір ғана оқушы қыздан бұл қылмыскерлер айына екі-үш миллион табыс тапқан. Демек олардың өзгелерге қомақты қаржы төлеуге қабілетті екені анық. Алты ай бойы бір топ адам жалғыз қызға және оның отбасына зорлық-зомбылық, ұрып-соғу, азаптау, бопсалау, алаяқтық, қорқыту әрекеттерін жасағаны түсініксіз”, – деді Дина Таңсәрі.

Аталған ақпаратқа қатысты Қызылорда облыстық полиция департаменті түсініктеме берді.

“Осы фактіге қатысты күдіктілер ұсталды. Олар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі таңда іс бойынша тиісті сараптамалар тағайындалып, тергеу амалдары жалғасып жатыр. Қазақстан Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына (Адамның кінәлі екендігі заңды күшіне енген сот үкімімен танылғанша ол жасалған қылмысқа кінәлі емес деп есептеледі) және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабының 1-бөлігіне (Кiнәсiздiк презумпциясы) сәйкес, әрбір адамның қылмыстық құқық бұзушылық жасаған кінәсі анықталмайынша кінәсіз болып саналады”, – делінген хабарламада. 

Қызылорда облыстық сотының хабарлауынша, кәмелетке толмаған күдіктілер үйқамаққа алынды.

“Өтініштер Қызылорда қаласының тергеу сотында қаралып, кәмелетке толмаған күдіктілерге үйқамақ түріндегі санкциялар қолданылды. Қазіргі таңда Қызылорда облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасына жәбірленушіден тергеу сотының қаулыларына шағым түсіп, қаралып жатыр. Қалған қатысушылар шешімге шағымданған жоқ", – делінген хабарламада.

Қыз ата-анасына неге айтпаған

Себебі бұл іске күдіктілер қызды жалаңаш күйінде видеоға түсіріп алып, сол арқылы қорқытып, бопсалаған. Олар қыздың телефонын алып қойып, ата-анасы қоңырау шалғанда телефонды көтермей, тек мәтіндермен жауап берген. 

Күдіктілер қыздың ата-анасымен қатысты барлық отбасылық чаттардағы контактілерді біліп алып, оның жалаңаш бейнелерін барлық туыстары мен достарына жібереміз деп қорқытқан. 

Олар қыздың асқазанына еріген полиэтилен пакеттерін тамызып, азаптаған. Сосын қағазды өртеп, оны іш киімінің төменгі жағына тастаған. Жыныс мүшесін кесеміз деп шошытқан. Ең сорақысы, анасы мен әкесі өлтіреміз деп қорқытқан. 

Полиция, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектор, мектеп басшылығы қызды іздеудің орнына, бұл нашар отбасы деп шешіп, анасын үшінші арыздан кейін баланы арнайы мектеп-интернатқа апарамыз деп қорқытқан. Сондай-ақ ата-ана құқықтарынан айырылатынын айтқан. 

Айта кетейік, бұған дейін Қызылорда облысында 16 жастағы оқушы қызды осы жылдың ақпан айында сыныптастары жезөкшелікке айналысуға мәжбүрлегені туралы жазған едік. Күдіктілер қызды азаптап, мефедрон алуға мәжбүрлеп, тұншықтырған. Жезөкшелікпен айналысатын әйелдер сайтына тіркеп, жезөкшелікке мәжбүрлеп, ақшасын алып отырған.

Қыз жоғалып кеткен соң ата-анасы полиция мен кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау инспекторы мен қылмыстық іздестіру бөліміне арыз түсірген. Алайда құқық қорғау органдары қызды іздемеген. Керісінше ата-анасын қорқытып, ата-ана құқығынан айырамыз деген екен.

Талқылау