Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жағдай осылай жалғасса, тиісті қызметкерлерді лауазымынан босату қажет": Тоқаев су тасқынына байланысты отырыс өткізді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Су тасқынына қарсы шараларды үйлестіру және қарғын су жүру кезеңінің салдарын жою жөніндегі республикалық штабтың отырысы өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Ақорда

Тоқаев биыл қарғын су ауқымы жағынан соңғы 30 жылдағы ең ірі су тасқыны саналған 2012 және 2017 жылдардағы деңгейден асып кеткенін атап өтті.

“Бұл нені білдіреді? Болжам жұмыстары мүлдем болмаған. Жағдай салалық мамандардың тапшылығынан туындап отыр. Егер әкімдіктер жыл сайын су тасқынына қарсы жоспарланған барлық іс-шараны тиісті деңгейде жүзеге асырғанда, ауа-райы жағдайын ескергеннің өзінде, апаттың салдары мен ауқымы мұншалықты болмас еді. Соған қарағанда, әкімдіктер бұл жұмыстармен айналыспаған. Қазір су тасқынынан төнетін қауіп сейілді деуге келмейді. Сондықтан Ішкі істер министрлігінің, Ұлттық ұланның, Қарулы Күштердің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің барлық күші мен құралын, оның ішінде кадрлық және техникалық ресурсын барынша жұмылдыру қажет. Сонымен қатар еріктілерді, жәрдем бергісі келетін азаматтарды тарту керек. Алайда, ең бастысы – мемлекеттік органдар. Ахуал кез келген сәтте ушығып кетуі мүмкін. Қазіргі басты міндет – адам шығынына жол бермеу. Бұл орайда жіберілген қателіктер мен олқылықтарды ескеруіміз қажет”, – деді Президент. 

Фото: Ақорда

Бизнес өкілдерін халыққа қол ұшын созуға шақырамын

Мемлекет басшысы үкіметке, құзырлы мемлекеттік органдарға және облыс әкімдеріне бірқатар тапсырма берді.

“Су тасқынынан зардап шеккен адамдарға тиісті барлық көмек көрсетілсін. Бұл мақсатқа Үкіметтің және әкімдіктердің резервін ғана емес, "Қазақстан халқына" қорының қаржысын да пайдалану қажет. Осындай жауапты сәтте еліміздегі бизнес өкілдерін халыққа қол ұшын созуға шақырамын. Апаттан зардап шеккен азаматтарға және аймақтарға барынша қолдау көрсету керек. Бұл – дәл қазіргі кезеңде баршаға ортақ міндет. Қарғын судан қатты шығынға ұшыраған батыс аймақтарда ірі кәсіпорындар көп. "Самұрық-Қазына" қорына қарасты компаниялар, жер қойнауын игерушілер бар. Олар халыққа жәрдем беріп, бүлінген инфрақұрылымды қалпына келтіруге атсалысады деп сенемін, – деді Тоқаев.

Сондай-ақ президент Үкімет бекіткен Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын сынға алды.

Оның пікірінше, тұжырымдаманы жүзеге асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары декларативтік сипатқа ие. Құжат су тасқыны салдарынан болатын шығынның алдын алу және азайту мәселесін кешенді түрде шешуге мүмкіндік бермейді. Сондықтан тұжырымдаманы қайта қарау жөнінде міндет жүктелді.

“Құзырлы мекемелер, яғни әкімдіктер, Төтенше жағдайлар министрлігі, Су ресурстары министрлігі бірлесіп жұмыс істемейді. Жауапкершілік алудан қашады. Жұмысты бір-біріне сілтеп отырады. Жағдай осылай жалғасатын болса, тиісті қызметкерлерді лауазымынан босату қажет. Ең басты критерий – мемлекеттік қызметшілердің тиімділігі. Мемлекеттік органдар және әкімдіктер арасында нақты әрі тұрақты байланыс алгоритмі жоқ. Тиісті министрлік еліміздің табиғи апаттарға дайындығын қадағалап отыруы қажет. Бұл – министрліктің негізгі мақсаты. Осы мәселеге баса назар аудару керек. Министрлік гидротехникалық және басқа да маңызды нысандардың жағдайын тексеріп, шынайы мәлімет беріп отыруға тиіс”, – деді Президент.

Мемлекет басшысы су тасқыны мәселесі бойынша халықаралық тәжірибені, өзге елдердің қарғын суды қалай игеретінін мұқият зерттеу қажет екенін айтты.

Бұған дейін су тасқынына байланысты төтенше жағдай жарияланған аймақтарда оқушылар қашықтан оқитыны туралы жазған едік.

Талқылау