Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Су басқан жердегі құдықтан су ішпеңіз": Денсаулық сақтау министрлігі тасқынға байланысты азаматтарға үндеу жасады

Денсаулық сақтау министрлігі еліміздің бірқатар өңіріндегі су тасқыны жағдайына байланысты тағамнан улану мен жұқпалы ауруларды болдырмау мақсатында бірқатар ұсыныс жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Орталық коммуникациялар қызметі

Министрлік ұсыныстары мынадай: 

  1. Ішу және тамақ пісіру үшін тек бөтелкедегі немесе қайнаған суды пайдаланыңыз;
  2. ⁠Су басу орындарында бұлақтардан, құдықтардан және ұңғымалардан су ішпеңіз;
  3. ⁠Су тасқынына малынған тамақ өнімдерін пайдаланбаңыз, мүмкіндігінше оларды кеміргіштер мен су тасқыны жетпейтін жерлерде сақтаңыз;
  4. Тамақ ішер алдында, дәретханадан, серуендегеннен, тамақ дайындағаннан кейін қолыңызды сабынмен жуыңыз;
  5. ⁠Су тасқынынан кейін барлық бөлмені дезинфекциялық ерітінділермен өңдеңіз;
  6. Егер жұқпалы аурулардың белгілері болса (дене температурасының жоғарылауы, жүрек айнуы, құсу, нәжістің босауы, тамақ ауруы, бөртпе және т.б.), дереу медицина қызметкеріне хабарлау қажет.

Айта кетейік, орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде "Қазгидромет" мамандары су басқан өңірлердегі ауа райы болжамына талдау жасады. 

"Бүгінде су деңгейінің көтерілуі Батыс Қазақстан, Атырау, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында жалғасып жатыр. Су объектілерінде мұздың еруі кептеліс құбылыстары, су деңгейінің ауытқуы мен жоғарылауы күтіледі. Кей жерлерде өзен арналарында қардың қарқынды еруі, сондай-ақ еріген судың шекті мөлшерден асып кету жағдайы сақталып отыр", – деді "Қазгидромет" мемлекеттік мекемесінің баспасөз хатшысы Алина Исмағұлова.

Сонымен қатар “ҚазАвтоЖол” 7 облыстағы бірқатар республикалық маңызы бар автожолдарды су басып қалғанын мәлімдеді. 

Талқылау