Спортқа деген құштарлықты ояту: Алматыда қыздар арасында "Менің ойыным" атты футбол фестивалі өтті
Қазақстан футбол федерациясы 17 наурызда Алматыда қыздар арасында "Менің ойыным" атты футбол фестивалін өткізді. Шараның басты мақсаты – қыздардың футболға деген қызығушылығын ояту. Фестиваль өте жоғары деңгейде өтті: қаланың әр нүктесінен келген жүзге жуық қыз футболға қатысты түрлі іс-шаралар мен ойындарға қатысты. Атаулы шараға “Қайрат” футбол академиясының тәрбиеленушілері келіп, қыздарды өз қатарларына қосылуға шақырды.
Қазақстан футбол федерациясы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Ұлттық ғылыми-тәжірибелік дене шынықтыру орталығымен бірлесіп, қыздар арасында "Менің ойыным" футбол фестивалін бастаған. Бұл шара еліміздің барлық қалаларында өтеді.
ҚФФ әйелдер футбол департаментінің менеджері Данияр Өтешов акцияның басты мақсаты елімізде әйелдер футболының танымалдығын арттыру мен қыздардың футболға деген қызығушылығын ояту екенін айтады.
Талдықорған, Қонаев және Алматы қалаларында өткен шараға 300-ге жуық қыз қатысқан. Алматыда өткен акцияға 9 бен 14 жас аралығындағы 70 қыз келді.
Фестивальде қыздарға "Қайрат" футбол академиясының футболшылары көмектесті. Көңілді әрі пайдалы өткен шарада қыздар түрлі жаттығулар мен эстафеталар орындап, шағын футбол ойнап, осылайша бұл спорт түрін жақынырақ тануға мүмкіндік алды.
Фестивальге бұл шараға қызығушылық танытқан қыздар келген. Олардың кейбірі бірінші рет футбол ойнап тұрса ал кейбірінің алғашқы қатысқан жарысы болды. Соған қарамастан олар жаңа нәрсені үйренуге әрі ойнауға талпынып тұрды.
Шараның ең басты маңыздылығының бірі – спортпен кәсіби шұғылданып жүрген қыздардың келуінде болды. Олар спорт жолына енді түскен қыздарға өз тәжірибелерімен бөлісіп, оларды футболға деген құштарлығын өшіріп алмауға шақырды.
Фестивальде сонымен қатар тамақтану, фитнес және көшбасшылық сияқты футболға қатысты әртүрлі тақырыптар бойынша ақыл-кеңестер айтылды. Сонымен қатар қыздар салауатты өмір салтының маңыздылығы мен мықты футболшы болу үшін қажетті дағдылар туралы толығырақ біле түсті.
Ойын барысында алаң бірнеше бөліктерге бөлініп, шараға келген қыздар мен футбол академиясының тәрбиеленушілері түрлі жаттығу жасап, қызықты эстафеталардан өтті.
Алматыда өткен "Менің ойыным" фестивалі туралы шараға қатысуға келген жаттықтырушының бірі айтып берді.
Жаттықтырушының сөзінше, бұл футбол эстафетасы қыздардың пас беру, дриблинг және соққы жасау секілді негізгі футбол дағдыларын дамытуға көмектесетін маңызды іс-шара.
"Футбол - бұл спорт ғана емес, сонымен қатар күш-қуат алатын алаң және әрбір қыз оның пайдасын сезінуі керек. Мен ата-аналарды қыздарын футболға қызықтырып, ойнауға және оқуға мүмкіндік беруге шақырамын. Футбол эстафетасы - қыздарды футболмен таныстырудың және олар табысты ойыншы болу үшін пайдалана алатын негізгі дағдыларды дамытуға көмектесудің өте қызықты тәсілі. Қыздарға ойнауға және оқуға мүмкіндік беруіміз керек сондай-ақ олардың спортқа деген қызығушылығын сақтау өте маңызды", - дейді жаттықтырушы.
Алматыда өткен футбол фестивалі бірнеше сағатқа созылды. Музыканың сүйемелдеуімен қызықты жаттығулар жасаған жас спортшылар уақыттың өткенін де сезбегендей. Шара соңында акцияға қатысқан қыздарға сыйлықтар берілді. "Қайрат" футбол академиясының ресми өкілі шараға келген қыздарға алғыс білдіріп, олар үшін академияның есігі әрдайым ашық болатынын баса айтты.
Айта кетейік, келесі "Менің ойыным" футбол фестивалі 28 наурызда Тараз қаласында өтеді.

"Әйелдерді ылғи ұрысқақ, долы, толық етіп көрсетеді": Қоғам белсенділері қазақ киносындағы әйелдің образы неге өзгермейтінін талқылады
