SpaceX тарихтағы ең алып зымыранды ұшырды: Starship сынағы қалай өтті

SpaceX компаниясы жеті айлық үзілістен кейін Starship V3 ғарыш кемесінің алғашқы сынақ ұшырылымын өткізді. Миссия барысында бірқатар ақаулар тіркелгенімен, негізгі міндеттердің көбі орындалып, кеме ғарышқа сәтті жетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ixbt.com порталына сілтеме жасап хабарлайды.
SpaceX адамзат тарихындағы ең алып зымыран саналатын Starship кемесінің 12-сынақ ұшырылымын өткізді. Сарапшылар бұл миссияны жартылай сәтті өтті деп бағалады.
Starship V3 нұсқасының алғашқы ұшырылымы соңғы жеті айдағы алғашқы сынақ болды. Зымыран жаңа алаңнан ұшырылып, Super Heavy үдеткішінің барлық 33 қозғалтқышы сәтті іске қосылған. Алайда көтерілу кезінде бір қозғалтқыш істен шыққанымен, бұл миссияның жүруіне айтарлықтай әсер етпеген.
Сатылардың ажырауы сәтті өткенмен, кейін үдеткіште ақаулар басталды. Super Heavy кері қайту маневрін орындай алмай, кей қозғалтқыштары қосылмай қалған. Соның салдарынан үдеткіш жоспардан тыс траекториямен атмосфераға еніп, мұхитқа құлаған.
Ship 39 кемесінде де қиындықтар туындады. Ұшырылғаннан кейін вакуумдық қозғалтқыштардың бірі өшіп қалған.
Инженерлер қалған қозғалтқыштардың жұмыс уақытын ұзартып, кемені қажетті траекторияға шығарғанымен, жоспарланған қозғалтқыш қосылымдарының бірінен бас тартуға тура келген.
Соған қарамастан, миссияның маңызды міндеттері орындалды. Атап айтқанда, Starlink жерсеріктерінің макеттері сәтті шығарылып, алғаш рет Starship-тің ғарыштағы сыртқы камералардан түсірілген кадрлары алынды. Сонымен қатар жылу қорғаныс жүйесіне тексеру жүргізілген.
Кеме атмосфераға қайта енген кезде құрылымы сынаққа төтеп бергенімен, кейбір қорғаныс плиткалары ажырап кеткен. Соңғы кезеңде Ship 39 үш қозғалтқыштың екеуін іске қосып, белгіленген аймаққа дәл қонған. Алайда кейін қисайып, жарылып кеткен.
Сарапшылардың айтуынша, негізгі мақсаттар орындалғанымен, үдеткіш пен қозғалтқыштардағы мәселелер жүйені әлі де жетілдіру қажет екенін көрсетеді.
Еске салайық, Илон Маск негізін қалаған SpaceX соңғы жылдары ғарыш индустриясындағы ықпалын айтарлықтай күшейтті. Компания Falcon зымырандары мен Starship жобасы арқылы нарықтағы жетекші ойыншылардың біріне айналып, ал Starlink спутниктік интернет қызметі әлем бойынша миллиондаған қолданушы жинады. Бұл факторлар компания құнының қарқынды өсуіне ықпал етіп отыр.
"Жалаңаштанып айға қарап, рәсім жасайды": Батыс Қазақстандағы бір ауылдың тағдырын жат ағым қалай өзгертті?
Оқыңыз