Қазақстандық ата-аналардың тек 20%-ы мұғалімдер күніне ақша жұмсағысы келмейді, қалғандары сыйлық бергенді қолдайды
Қазақстанда ұстаздардың кәсіби мерекесі биыл 5 қазанда аталып өтеді. Stan.kz тілшісі “Мерекеге орай оқушылар мен ата-аналар мұғалімдерге сыйлық беруге дайын ба?” деген сұраққа жауап тауып көрді. Ата-аналардың көбі сыйлықтың бағасы маңызды емес екенін айтады.
Фото: Freepik.com
Stan.kz әлеуметтік желідегі оқырман арасында “Ұстаздар күніне орай мұғалімдерге сыйлық беру керек пе? деген сауалнама жүргізді. Сауалнама нәтижесіне сәйкес, оқырманның 18%-ы мұғалімге сыйлық беруге қарсы, 9-10%-ы шектеулі сомада ғана кәдесый беру керек деп санайды. Ал дауыс бергендердің 63%-ы сыйлықтың бағасы маңызды емес деген ойда.
Жазбаның астына пікір қалдырғандардың басым бөлігі ата-аналар екен. Олардың бірі “ұстаздың еңбегі бағалануы керек” десе, енді бірі мұғалімнің міндеті баланы оқыту екенін және ұстаз жұмысы үшін жалақы алатынын айтты.
Мұғалімдер күніне арналған үздік құттықтаулар
“20-30 баламен жұмыс істеу оңай емес. Қанша ақша жинап берсе де, қарсы емеспін”, “Балаға білім беріп отыр, бастысы көңіл”, “Әдемі бір құшақ гүл бергенде тұрған ештеңе жоқ деп ойлаймын”, “Ұстаз құрметке лайық” десе, басқалары “Мұғалімдерге ақша беруге қарсымын”, “Бір алса “ала берсем” екен деп тұрады”, “Қарсымын, керек емес”, “Балаларды оқытса, міндеті” деп пікір қалдырды.
Осы тұста TikTok-та желі қолданушысы мұғалімдер қауымынан ұстаздар күніне орай қандай сыйлық қалайтынын сұрады. Осы тұста пікір қалдырғандардың ойы сан-саққа бөлінді. Көп мұғалім түрлі-түсті принтер, бір қап А4 қағазы, ламинатор, бор және жылтыр қағаз секілді жұмыс пен сабаққа керек құрал-жабдықтар керегін айтыпты. Ал кейбірі қиялға ерік беріп, әзілмен жауап берген екен.
“Мүмкін болса, үй, жер, көлік, Дубайға жолдама және ақшалай сыйлық қабылдаймын. Арзан заттар керек емес”, “IPhone 16”, “Гаухар тасты жиынтық”, “Брендтік сөмке”, “SPA-ға сертификат”, “Несиемді төлеп берсеңіздер”, “Демалыс берсеңіздер” – деген ұсыныс айтты.
Желіде балалармен жұмыс істеудің қиын екенін алға тартқан мұғалімдер тыныштық пен демалыс сұрады. Айтуларынша, әр ұсақ-түйекке бола мектепке келіп, ұстаздың жұмысына кедергі келтіретін ата-аналар да аз емес.
“Айналайын, ештеңе керек емес. Тыныштық берсеңдер болды”, “Мереке күні балаларды балабақшаға әкелмей-ақ қойсаңдар, содан артық бақыт жоқ”, “Өтініш, ештеңе бермей-ақ қойыңыздар. Тек ұл-қыздарыңызға дұрыс тәрбие берсеңіздер болғаны”, “Бәле іздемей, сыртымыздан әңгіме айтпай жүргендеріңіздің өзі сыйлық”, Емімізге дәрі-дәрмек болса, жүйкеміз сыр беріп жүр”, “Түк те керек емес, балалардың құрал-жабдығын түгендеп, салып жіберсеңіз болды”, – деп жазды мұғалімдердің басым көпшілігі.
Сондай-ақ мұғалімдер қажет емес сыйлықтардың да тізімін жасады. Олар құтыдағы гүл, ыдыс-аяқ, тәттілер сыйлаудың қажеті жоғын айтты.
“Жай ғана жылы амандасып, балалары алып кеткенде рахметін айтса болғаны”, “Ештеңе керек емес, еңбекті бағаласаңыздар, содан артық сыйлық жоқ”, “Қажетімізді өзіміз аламыз. Ештеңеге мұқтаж емеспіз”, “Ата-ана да, бала да сыйласа болды”, – деп жазды мұғалімдер қауымы.
@user54638348245 #мугалим #мұғалім #тәрбиеші #воспитательница ♬ оригинальный звук - zhan_d