"Сөзіңе жауап бересің бе": Өскемен әкімі желіде сөзге келіп қалған тұрғынмен татуласты
Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар әлеуметтік желіде сөзге келіп қалған азаматтық белсендімен татуласты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Ақпарат пен фотосуретті әкімнің кеңесшісі Әлібек Лесбекұлы Instagram-да жариялады.
"Бүгін атышулы пікірдің авторы және Жақсылық Омар жеке әңгімелесу барысында билікті сынға алу бір жағынан қажет, бірақ екінші жағынан ол сындарлы болуы және жеке тұлғаға ауыспауы тиіс екендігімен келісе отырып, ортақ тіл табысты. Бұл оқиға осымен жабылды", - деп жазды Әлібек Лесбекұлы.
Блогер Александра Осипова Instagram-да Өскемен қаласының тұрғыны мен әкім Жақсылық Омар арасындағы хат алмасудың скриншоты жариялады.
Скриншотта қала әкімі сапасыз жолдарға шағымданған хабарламаға: "Сөзіңе жауап бересің бе" деп жазған.
Қала белсендісі Александра Осипова "Бұл хабарламамен нені меңзедіңіз? Қаланың барлығы жазаңызды күту керек пе? Сіз сөздеріңіз үшін қашан жауап бересіз? 33 млн теңге тұратын көлік, Куленовкадағы (қаланың қымбат ауданы - ред.) зәулім үйіңіз үшін қашан жауап бересіз?! Тек қана қоқан-лоқы көрсетесіз бе?", - деген сөздермен әлеуметтік желілерде әріптесі мен әкімнің арасындағы әңгімені жариялаған.