Солтүстік Кореяда коронавирус жұқтырудың алғашқы дерегі тіркелді: Елде локдаун енгізілген
Солтүстік Корея билігі елде коронавирус инфекциясын жұқтырудың алғашқы дерегі тіркелгенін мәлімдеді. Анықталғандай, омикрон штамын Пхеньян тұрғыны жұқтырған. COVID-19 белгілері бар тұрғындардан сараптама 8 мамыр күні алынған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС-ге сілтеме жасап.
Бұдан кейін Кореяда "төтенше жағдайдың шекті режимі" жарияланып, локдаун енгізілген. Әзірге нақыт қанша адамның вирус жұқтырғаны белгісіз.
Корея Халық Демократиялық республикасының президенті Ким Чен Ын қол астындағыларға вирустың таралуын тоқтатып, мемлекетте аяқ асты орын алған дағдарысты еңсеруге уәде берді.
"Барлық қалалар мен уездерде әркім өз ауданын жапсын. Қауіпті вирустың таралмауы үшін жолдарды жабу керек. Аяқ асты туындаған жағдарысты еңсеріп, сөзсіз жеңіп шығамыз", – деді ол бейсенбі күні арнайы шақырылған Еңбек партиясы орталық комитетінің саяси бюро отырысында.
Сонымен қатар ел президенті мемлекет шекарасындағы бақылауды күшейтуге тапсырма берді.
Солтүстік Корея билігі бұған дейін елде пандемия уақытында коронавирус жұқтырудың бірде-бір дерегі тіркелмегенін мәлімдеген. Пхеньян халықаралық Covax механизмі аясында вакцина жеткізуден де бас тартқан еді. Осылайша препараттар өзге елдер арасында бөлінген.