Солтүстік Қазақстан облысында меценат 12 түлекке "Отбасы банкінің" 100 мың теңгелік сертификаттарын табыстады
Солтүстік Қазақстан облысында меценат 12 түлекке "Отбасы банкінің" 100 мың теңгелік сертификаттарын табыстады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Биыл Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданында 178 түлек алтын ұя мектебімен қош айтысып, үлкен өмірге қадам басты. Солардың 10-ы "Үздік аттестатқа" қол жеткізсе, екеуі "Алтын белгі" иегері атанған. Солардың бірі – Дильназ Романова. Қожаберген жырау атындағы Пресновка орта мектебінің түлегі ҰБТ-де 117 балл жинаған. Сөйтіп, ұстаздары мен ата-анасының үмітін ақтап қана қоймай, 11 жылдық білімін дәлелдеген.
"Әрқашан жақсы оқып, түрлі шаралардан қалмайтынмын. Сол еңбегімнің жемісі деп білемін. Әрине, "Алтын белгі" иегері атану оңай емес. Десе де, ата-анаммен, 11 жыл бойы білім нәрімен сусындатқан ұстаздарымның еңбегін ақтағаныма қуаныштымын. Менің атам мен әкем техникаға жақын болған. Мен қыз болсам да, қызығатынмын. Сондықтан келешекте техникалық мамандыққа түскім келеді. Бірақ әлі нақты қайда баратынымды шешкен жоқпын. Сол үшін физика пәнін де ұнаттым. Әсіресе тәжірбиелер жасаған ұнайды", – дейді Дильназ.
Қолдарына аттестаттарын алған жастар үшін бұл күннің маңыздылығы тіптен бөлек болды. Өйткені, үздік түлектерге жергілікті меценат Екпін Әбиев "Отбасы банкінің" 100 мың теңгелік сертификаттарын табыс етті. Ауданның үздік мектеп бітірушілерін осымен бесінші жыл қатарынан қолдап келемін дейді кәсіпкер.

Салтанатты шараға қаржы институтының өкілдері де қатысты. Олар өңірде осылай жастарды қолдайтын кәсіпкерлер аз екенін айтады. Меценаттар қатары артса, талай жасты демеп, қанаттандыратын еді дейді «Отбасы банк» қызметкерлері.

Жалпы меценат Екпін Әбиев 1995 жылдан бастап қайырымдылықпен айналысады. Ол мектеп оқушыларына ғана қолдау көрсетпей, туған ауылының, ауданының дамуы үшін көптеген жұмыстар жасаған.
"Үйді тіреп тұрған жерге құрылыс бастады": Алматыдағы "Три богатыря" тұрғындары баспаналары құлап қала ма деп алаңдаулы