"Соққыға жығылғаннан комаға түсті деп айта алмаймын": Жамбыл облысында комаға түскен Нұржігіттің ісі бойынша сот-медициналық сарапшы нақты себепті анықтай алмады
Алматы гарнизоны әскери сотында әскери борышын өтеп жүріп комаға түскен қостанайлық Нұржігіт Әбділпаттаның ісі бойынша сот отырысы өтті. Сот-медициналық сарапшы Тахир Халимназаров куәлік беріп, зорлық-зомбылық фактісі оның комаға түсуіне қаншалықты әсер еткенін түсіндірді. Stan.kz тілшісі сотқа қатысып келді.
Фото: Stan.kz
Еске салсақ, 19 жастағы Нұржігіт Әбділпатта 17 мамырда Отан алдындағы борышын өтеуге аттанып, Отардағы 30/212 әскери бөлімшесіне жіберілген. Әскерге кеткеніне 1 ай да болмаған жігіт 29 маусымда ант қабылдауы керек еді. Бірақ 9 маусымда оның комаға түскені туралы хабар келген. Сөйтсе жігіт 6 маусымда тамағы құрғап тұрғанын сезіп, тамағына дәрі шашқан. Сөзінше, қалтасына дәріні салып жатқан кезде оны кіші сержант Дастан Тұрлан байқап, ішінен, оң жақ көкірегінен ұрған. Салдарынан Нұржігіт қатты ауырып, жағдайы нашарлап, соңында жансақтау бөліміне түскен.
Қазір Дастан Тұрланның үстінен Қылмыстың кодекстің 451-бабы “Билікті асыра пайдалану” бойынша іс қозғалды. Алайда жәбірленуші тарап істі 451-баптың 2-тармағына яғни “Ауыр зардаптарға әкеп соққан билікті асыра пайдалану” деп ауыстырғысы келеді.
Сотталушының адвокаттары БАҚ өкілдерін сот процесіне қатыстырмауды талап етті. Сөздерінше, салдарынан ақпарат бұрмаланып, сотталушының кінәсі дәлелденбей жатып, оған қатысты жағымсыз пікірлер жазылды. Бұл оған әсер етті дейді. Алайда сот олардың талабын қанағаттандырған жоқ, тек қорғаушы тарапты фото-видеоға түсіруге тыйым салды.
Сарапшының қорытындысы
Жәбірленуші тараптың қалауымен бұған дейін Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты атышулы істе тәуелсіз сарапшы болған Тахир Халимназаров іске тартылды. Маман тірі адамды зерттеу қиынырақ екенін және мұндай сәтте тек дәрігерлер берген анықтама негізінде қорытынды шығара алатынын айтты.
Фото: Stan.kz
“Екі жақты полисегментальды пневмония анықталды. Ол вирустық немесе бактериалды сипатта. Бірақ жәбірленуші комаға ұрғанның кесірінен түсті деген нақты анықталмады. Сот-медициналық сарапшы диагностика жасамайды, емдеу маманы емес. Сол үшін дәрігерлердің айтқанынан асып, ой айта алмайды”, – деді Халимназаров.
Ол Нұржігіттің жарақат алғанын растап тұр, себебі іші көгерген. Алайда айыпталушы тарап жәбірленушінің ішінде қал бар екенін және мамандар оны шатастырып алуы мүмкін екенін айтты.
“Жарақат жәбірленушінің жағдайын нашарлануына жалғыз себепші емес, вирустың да кесірі бар. Пневмония соққысыз да асқына алады. Бірақ оны жағымсыз фактор ретінде қарастыра аламыз. Мүмкін деп қана айта аламын, ол асқындыра алады, нашарлата алады, бірақ дөп басып айту қиын”, – деді сарапшы.
Ол пневмония қашан басталғанын да нақты айта алмады. Дәрігерлердің жазбасы бойынша оқиғадан бірнеше күн бұрын, шамамен 4 маусымда ауру пайда болды делінген.
Сондай-ақ сотта Нұржігіттің оқиғадан бұрын моншаға түскені белгілі болды. Ол жағдайының нашарлауына себеп болуы мүмкін бе деген сұрақ қойылды.
“Пневмония кезінде моншаға барған жөн емес, бірақ оны да комаға түсуінің себебі дей алмаймыз”, – деді ол.
Нұржігіт Әбділпаттаның анасы Жанна Жаналина ұлының өзін нашар сезінбегенін және пневмония белгілері мүлдем байқалмағанын айтты.
Судья сарапшыдан “жарақат болмаса, жағдайы қалай болар еді, сол кезде де комаға түсер ма еді?” деп сұрады.
“Нақты айта алмаймын, болжалды сұрақ. Бәрі болуы мүмкін. Ішіне соққы алғаннан өлгендер де бәр, әр адамның ағзасы әртүрлі”, – деді Халимназаров.
Жәбірленуші тарапттың талабы
Сот отырысынан кейін жәбірленушінің адвокаты Мұрат Сәдуақасов Тахир Халимназаровтың қорытындысына қанағаттанбағанын айтты. Ол тағы бір сот-медициналық сараптаманың қорытындысы бар дейді.
“Қазір “жеңіл жарақат келді” дегенге келтіріп отыр. Бірақ біз бұған келіспейміз және әрі қарай жарақат ауыр екенін дәлелдейміз”, – деді Сәдуақасов.
Сондай-ақ олар әскери бөлімнің, қорғаныс министрлігінің үстінен азаматтық сотқа арыз жазған.
Жәбірленуші тарап айыпталушыдан моральдық және материалдық шығын ретінде жалпы 10 миллион теңге талап етті. Оған Нұржігіттің емі, адвокаттық көмек, келіп-кету, Алматыда тұру шығыны кіреді.
Нұржігіт Әбділпатта бұған дейін өзін нашар сезінбегенін және тамағы ауырғанына қатысты шағым айтпағанын түсіндірді.
“Соққыдан кейін мұрнымнан қан кете бастады, тәбетім жоғалды. Құсқым келді. Мені ұрған кезде жанымда басқа сарбаздар болды. Бірақ сарбаздарға өзімді нашар сезініп тұрғанымды айтуға қысылдым. Мені спортшы ретінде танығасын әлсіздік танытқым келмеді, мен жайлы ойлары өзгергенін қаламадым. Тек ауру шыдатпағанда ғана айтты”, – деді жәбірленуші.
8 маусым ол өзін жақсы сезініп қаламын деген ниетпен моншаға түскен. Бірақ бас ауруы үдеп, аяғын сезбей қалыпты.
“Қазір әлі ем алып жатырмын. Өзімді әлі де нашар сезінемін, оның үстіне адамдар танып, “сені ұрып-соқты ғой” дегенді есту оңай емес, моральдық қысым болады. Қолдарым дірілдейтінді шығарды, жазуым нашар боп қалады, тамақ ішкенде ыңғайсыздық байқалады. Терапевтте есепте тұрмын”, – деді ол.
Жігіт бұл оқиғаға дейін әлімжеттік не физикалық қысымды байқамағанын мойындады. Бірақ басқа сарбаздарға қатысты моральдық қысымның куәгері болыпты.
“Мен әскерді жаман жер демеймін, әркімде әртүрлі. Біреулер үшін жақсы тәжірибе болды, біреулерге жаңа таныстық мекені болған болар, ал мен үшін қайғылы естелік болмақ. Бастысы – жастарға айтарым, әділетсіздік пен қысым байқасаңыздар, үнсіз қалмаңыздар. Себебі үнсіз қалсаңыздар, ештеңе өзгертпейсіздер”, – деді ол.
Еске салайық, бұған дейін Жамбыл облысы Отар ауылындағы №30212 әскери бөлімінде әскери борышын өтеп жүрген сарбаз қазір ауыр жағдаймен жансақтау бөлімінде жатқанын жаздық. Анасы Жанна Жаналина ұлын соққыға жығылған деп санайды. Дәрігерлер сарбаздың жағдайы ауыр екенін айтты. Нұржігіт әуелде басы айналып, жүрегі айнығанына шағым білдірген.
Анасының айтуынша, cарбазды 8 маусымда Қордайдағы ауруханаға әскерилер алып келген. Сарбазға пневмония диагнозы қойылған. Ал Қорғаныс министрлігі әскери қызметкердің бастапқыда медицина орталығына жалпы әлсіздік және дене қызуының көтерілу шағымдарымен жүгінгенін хабарлады.
24 маусымда әскери қызметкер комадан шықты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл істі жан-жақты тексеруді тапсырды.