Абаев: Сириядан 524 қазақстандық оралды, оның 357-сі — балалар
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев есеп беру кездесуінде Сириядан оралған қазақстандықтардың қанша екенін айтты, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі.
Министр Қазақстанда бейбітшілік, келісім және бірлікте 18 конфессия өкілдері өмір сүретінін айтып, министрліктің екі негізгі бағытқа ерекше мән беретінін атап өтті.
«Біріншісі – мемлекеттік ұйымдастыруда зайырлы қағидаттарды нығайту, екіншісі – діни саладағы тұрақтылықты қамтамасыз ету және діни негіздегі экстремизм мен радикализмнің таралуының алдын алу. Былтыр Нұр-Сұлтан, Алматы және Атырау қалаларында 190 имам мен теолог деструктивті діни ағымдардың ықпалына ұшыраған адамдарды қайта қалпына келтіру бойынша діни қайраткерлерді даярлау курстарынан өтті. Өңірлік ақпараттық-түсіндіру топтарының жұмысы жаңғыртылды және оңтайландырылды. 2018 жылы лекторлық топтар 38 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырды», - деді ақпарат және қоғамдық даму министрі.
Ол ұлттық қауіпсіздік органдары жүргізген «Жусан» гуманитарлық операциясы туралы да баяндады.
«Операцияның 3 кезеңі сәтті өткізіліп, қақтығыс аймағынан Қазақстанға 524 азамат оралды. Оның ішінде 137 әйел мен 357 бала бар. Министрлік әкімдіктермен бірлесіп оралғандарға медициналық, психологиялық, құқықтық және әлеуметтік көмек көрсетеді», - деп сөзін түйіндеді Абаев.
Сирияға әкесі 15 жасында алып кетіп, елге оралған жігітті Қазақстан 8 жылға соттады