Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сиырлар мен астаналық азаматтың "шайқасы": Полиция үй жануарларының иесін жазалады

Нұр-сұлтан қаласының полицейлері үй жануарларының қараусыз қалғанын анықтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі елордалық ПД баспасөз қызметіне сілтеп хабарлайды.

Әсет Бегалиев Facebook желісінде бір табын сиырды қуып жүрген тұрғынның видеосын жариялаған болатын. Оның айтуынша, сиырлар көрші Қараөткел кентінен келіп, көгалдарды таптап, бұталарды сындырып кетеді екен.

"Сиырлар бізді тырқыратып қуатын. Дегенмен, біз оларға төтеп бере алдық. Сиырлармен "соғыста" біз жеңіске жеттік. Бірақ бұл "майдан" бітті деген сөз емес, әлі де жалғасуда. Енді экологиялық полицияны қосу керек", - деп жазды Нұр-сұлтан қаласының тұрғыны.

Нұр-сұлтан қаласының полиция департаменті "Есіл" ауданы жергілікті полиция қызметінің табиғат қорғау полициясы бөлімшесінің қызметкерлері Шығыс Ильинкадағы Доспамбет жырау көшесінде жайылып жүрген сегіз ірі қара мал басын анықтағанын хабарлады.


"Өткізілген іс-шаралар барысында ірі қара мал иелері анықталды. Оларға қатысты әкімшілік сипаттағы шаралар қабылданып, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, үш АЕК (8334 теңге) көлемінде айыппұл салынды", - делінген хабарламада.

Мәслихат шешімімен бекітілген Астана аумағында жануарларды ұстау ережелерін сақтау бойынша жануарлардың иесіне түсіндіру жұмыстары жүргізілді. 

Талқылау