Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Сиыр сауып, айран ұйытамын": Ауылдың күйбең тірлігімен бөліскен шымкенттік келін жұлдыз болды

 Ауыл адамдарын жатырқап тұратынымыз жасырын емес. Әсіресе, ауылдың тірлігін ауыр санайтын қалалық келіндер үшін ауыл деген артта қалып қойған өркениет сияқтанып тұрады. Дегенмен ауылдың сиыр сауу, құрт жаю, май пісу, бақшаға қарау сынды күйбең тірліктерін еш қиындық көрмейтін Гүлжанар Оспанова желіде кең таныла бастады. Ауыл өмірін бүкпесіз көрсетіп жүрген супер келіншекпен Stan.kz тілшісі арнайы сұхбаттасқан еді. 

Гүлжанар Оспанова
Оспанова Гүлжанар Рахманбайқызы 1995 жылы Жетісай ауданында Мырзакент ауылында туған. Үш қыз, бір ұлдың арасында тәрбиленген ол 18 жасында тұрмысқа шыққан. Мамандығы бойынша мектепке дейінгі дайындық, тәрбиеші-мұғалім. Кішкентайы әлі жасқа толмағандықтан, әзірге жұмысқа кірмеген. 

Тұрмысқа ерте шықтым деп ойламайсыз ба деп сұрағанымызда:

"Мен ерте шығамын деп шыққан жоқпын. Енді оқуға түсіп, оқимын ба дегенде күйеуіме жолығып, мені алып қашты. Содан көніп қалдым. Басында енем болмаған соң қиналғаным бар. Бірақ қайын апкелерім мен сіңлілерім барлығын үйретті. Оқимын деп жүргенде алып қашып кеткендіктен,  оқуымды тұрмыста жүріп жалғастырдым. Күйеуімді ұнатқан соң қалдым. Жалғыз өзім барлығына үлгеру қиын болды. Қиыншылықтың бәрі ұмытылды. Уақыт өте келе бәріне үйренеді екенсің",- деп жас келін болып түскенде жалғыз өзі қиналғанын жасырмады. 

Бір рет қана жолыққан адаммен тұрмыс құру отбасында түсініспеушілік, жанжалға әкелмей ма, қандай да бір қиындық тудырмай ма деген сұрағымызға:

"Қиындық тудырмады. Үйренісіп кеттік. Отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Тұрмысқа шыққаныма 6 жыл болды. Қазір екі баланың анасымын. Ерте тұрмысқа шыққаныма өкінбеймін, қайта қуанамын. Күйеуімнің бір көріп алып қашып кеткен себебі, маған қатты ғашық болған. Сол ғашықтығының арқасында қазір тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз", - деп күйеуінің өзін аялап алақанында ұстап жүретінін айтып марқайды. 

Гүлжанар ОспановаӘлеуметтік желі де ауылдық блогер-келін ретінде танылған Гүлжанар Оспанова өз парақшасында ауыл өмірін боямасыз көрсетуімен және күнделікті ауылда не істейтіні туралы желіге салып оқырмандарымен бөлісе бастаған.

"Өзімді мықты блогермін деп айта алмаймын. Бастағаныма 5-6 ай болды. Блогерлікті бастамай тұрып, "Асыл шаңырақ" деген жобаға қатысқан едім. Авторы Гүлжан Қайназарқызы. Сол жоба барысында күнделікті өмірімді желіге салуға тырыстым. Сиыр сауу, құрт жаю, май пісу деген жұмыстарды салып жүрдім. Көптеген қыз келіншектер жақсы да, жаман да қарады. Сырттай адамдар сын айта бастады. Ондай сындарға түсінікпен қарап, өз парақшамды ары қарай жүргізе бердім. Уақыт өте келе көздері үйреніп кетті",- деп өзіне айтылар сынның көп екенін де айтты. Кейде "керемет пысық екенсіз. Енеңіз болмаса да осынша тірлікті жасап, балаға да қарап үлгересіз" деп мақтайтындарымен қоса, кейдң, тіпті, "служанка сияқты жүресің. Үстіңдегі киімің мынау, мал сасып жүрсің" деп те айтатындары бар екенін жасырмады. 

Гүлжанар Оспанова

"Сол жобаға қатыспай тұрып, менде небәрі 300 дей ғана оқырман бар еді. Суреттер салған күннің өзінде адамдар назар аудармайтын еді. Жобаға қатысып Гүлжан Қайназарқызының арқасында адамдарға таныла бастадым деген ойдамын", -деген ол басында блогер, инстаграм дегеннің не екенін түсінбегенін, инста-достары мен құрбылары келіншекке көп көмектескен. 

Ауыл келінінің бұндай қадамына жақындары алғашында күліп қарағанымен, кейіннен қолдағанын айтады.

"Көбісі күліп қарады. Инстаграм дегеннің не екенін түсінбеді. Кейіннен абысындарым, туған туысқандарым жазбаларымды көріп, бәрі мақтап жазатын болды. Күйеуім де қолдайды. Басында телефонды көп ұстайтын болдың деп ескертулер айтатын еді. Кейін оқырмандардың басым бөлігі қыздар екенін, олардың жақсы пікір қалдырып жатқандарын көріп қарсылық танытпады. Қыз-келіншектерге жақсы үлгі болғаным арқасында қазір күйеуімнің көзқарасы оң", - дейді блогер келін. 

 Оқырмандар тарапынан жазылатын негативті пікірлерге "түбінде барлығымыз ауылда өскенбіз", - деп тек бір ауыз сөзбен жауап беретінін айтады. 

"Қазір жаз мезгілі жақындап қалған соң бізге тыным жоқ. Таңғы алтыда сиыр сауудан басталған күніміз қарбалас тірлікке толы. Үйдегілерге таңғы шәйді берген соң, қызымды балабақшаға апарамын, күйеуімді жұмысына шығарып саламын. Сауылған сүтті пісіріп, айран ұйытамыз, май пісіп, құрт жаямыз. Аула сыпырып, бақшаға қараймыз.  Қайын атам 40 жыл мұғалім болған кісі. Қазір зейнетте", - деп атасына да көңіл бөлу керектігін айтады. 

Гүлжанар Оспанова

Ауылдың жұмысы білеміз оңай емес. Бір өзіңіге осынша жұмыс ауырлық етпей ма? Қатты шаршайтын шығарсыз, қолыңызды бір сілтеп ауыл өміріне түңілетін кезіңіз бола ма деген сұрағымызға:

"Алғаш келін болып тұскен де барлық іс бөтен сияқтанып тұрды. Ал қазір мен үшін қиын жұмыс жоқ. Күнде күйбең тіршілік істей бермейміз.  Арасында арасында демалыстар болып тұрады", - деп жауап берді.

Парақшасын қарағанымызда инстада белсінді "қазақбайский келінмен" өзара батлға түсіп жатқандығын байқадық.

Бұл батлдың мақсаты туралы: "Бұл жердегі мақсат қазақтың ауылда тұратын келіндерінің қолынан біраз дүние келетінін, ауылдық келіндер заманауи бола алатындарында көрсету. Бір-бірімен жарысып, қолдарынан келетін дүниелерді көрсету еді. Батл жалғасуда. Бір-бірімізге түрлі тапсырмалар беру арқылы жарысамыз. Тапсырманы орындай алмай қалған жағдайда жеңіліс табады", - деп түсіндірді. 

Инстада блогер болғанымен жас келін өзінің балаларының алдындағы аналық міндетін ұмытпайды.

"Инстада көп отырмаймын. Күндіз тірліктермен қолым тимегендіктен, түнде барлық шаруаны тындырып, балаларды жатқызып болған соң отырамын. Посттарымды да түнгі уақытта саламын. Тек түскі уақытта көз жүгірітіп пікірлерге жауап беремін. Балаларыма қарауға уақыт жеткілікі", - деп бала тәрбиесіне бей-жай қарамайтынын айтты

Жетісайдың пысық келіні алдағы уақытқа жоспарлары туралы да бөлісті.

"Парақшамды дамытсам деймін. Үлкен блогерлердің қатарына қосылсам деймін. Барлық блогердің арманы сияқты мен де халық көңілінен шығып, солардың назарында болсам деймін. Вайн туралы ойлап көру керек. Қазір екінің бірі вайнер болып кетті ғой. Ауылдық вайнер болу ойда бар. Соңғы постымда "келін болып кіріп, кемпір болып шығамын" деген ант беру эстафетасын жалғастыру туралы қыздарға ұсыныс жасағанмын. Келіншектер көріп жалғастырып жатыр", - деп ағынан жарлыды келіншек. 

Талқылау