Шымкент әкімі мұғалімдерді Ресей мен Украинадан алтыртуды ұсынды
Шымкенттің орыс мектептерінде орыс тілді мұғалімдер саны күрт азайып кеткен. Сала мамандары жергілікті оқу орындарын бітіруші бес-алты маман, ойсырап тұрған бос орындарды толтыра алмайтынын айтып, Солтүстік өңірлерінен мамандар тартуды ұсынған.
Бұл туралы 31 арна хабарлайды.
Ал Шымкент қаласы әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың мұғалімдерді Ресей мен Украинадан да алтыртуды ұсынып, тіпті асханасы бар жатақхана салып беруге дайын екенін айтады.
Шымкенттің орыс мектептерінде мұғалімдер саны күрт азайған. Қазір зейнет жасына жетіп тұрған 2500 мұғалім қызметін босатар болса, дәріс беретін адам қалмауы мүмкін.
“Отыз сегіз орын бос тұр, мұғалім жоқ болып”, – Шымкент қалалық білім бөлімінің басшысы ЖанатТәжиева.
Білім бөлімі басшысы Шымкент оқу орындарын бітіретіндер саны аз, сондықтан орыс тілді мұғалімдерді елдің солтүстігінен іздеуді ұсынған. Алайда Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов болса, маманды елімізден іздегеннен гөрі, шетелден алдырту керек деп отыр.
“Орыс тілі мамандарын Ресейден, Украинадан шақыртсақ болады”, – дейді Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов.
Зейнет жасына келгендер кетсе, әрине бос орын одан сайын көбеймек. Олардың орнын қазір жергілікті оқу орындағы оқып жатқандар толықтыра алмайтын көрінеді. Себебі бос қызмет орны көп, бітірушілер аз.
“Қай мектепке, қай ауылға баратыны мәлім боп тұрса. Жалпы сол жұмысқа, сол мекемеге сіңісіп кететіндей жағдай жасалса”, – дейді ОҚМПИ жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Марат Мамадияров.
Мұғалімдер дайындайтын оқу орындағылар мемлекеттік грант бөлінбейінше, орыс мектептеріне мамандар көбейту қиын дейді. Ақылы оқуға әркімнің жағдайы келе бермейтіндігі тағы бар.
“Педагогикалық мамандықтардың төлем ақысы 443 мың 300 болғандықтан көбісі төлемақысы жоғары дейді де, келмейді. Ал мысалы гуманитарлық мамандықтар 342 мың. Ал егер грант бөлініп жатса, біздің жоғары оқу орнының оқытуға толық мүмкіндігі бар”, – дейді ОҚО Мемлекеттік педагогикалық институтының проректоры Баршагүл Исабек.
Орыс мектептеріне бар-жоғы 15 грант бөлінеді екен. Оның үшеуі Шымкентте бітіріп жатыр. Ал Ресей мен Украинадан мұғалім алдыртамын деген Шымкент әкімінің сөзінің қаншалықты іске асатынын алдағы уақыт көрсетпек.