Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Швейцариялық басылым Путиннің 2015 және 2019 жылдары туған ұлдары туралы жазды

Швейцариялық SonntagsZeitung басылымы Ресей президенті Владимир Путиннің 2015 және 2019 жылдары туған екі ұлы бар екенін мәлімдеді. Оның біреуі Швейцарияда тұрады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Путин

Басылымның мәліметінше, екі ұлдың анасы Олимпиада чемпионы болған Алина Кабаева екен. Спортшының Путинмен жақындығы туралы көптеген еуропалық басылымдар жазған. Швейцариялық газет дереккөз ретінде екі баланы да босандырған дәрігерге сілтеме жасаған. Сонымен қатар дәрігердің өтініші бойынша аты-жөнін атамаған. 

Дәрігер өзінің Ресей тумасы екенін және жас кезінде Путинмен таныс болғанын айтқан. Алайда кейін Швейцарияға көшіп кеткен. Айтуынша, Швейцариядағы Луганода 2015 жылы Путиннің ұлы дүниеге келген. Ақпарат лезде БАҚ беттерінде тарап, басылымдар Кабаеваның ұлды болғанын және әкесінің Путин болуы мүмкін екенін жарыса жазған. Кейін Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мұны жоққа шығарды. 



Төрт жылдан кейін Алина Кабаева Мәскеуде екінші ұлын дүниеге әкелді. Дәрігер мұндай шешімді Путин қабылдағанын айтады. Сондай-ақ екі ұлына да жүкті болған кезінде Кабаева Луганоға келген, бірақ жанында Путин болмаған дейді. Wall Street Journal басылымы жақында Кабаеваның Швейцариядағы қоршауы биік және тікұшаққа арналған алаңы бар жекежайда ұзақ уақыт болғанын жазған. 

Швейцариялық басылым Кабаеваның және Путиннің өкілдерінен пікір алмаған. 

Сәуір айында Wall Street Journal басылымы анонимді дереккөзге сілтеме жасай отырып, АҚШ Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің Кабаеваға қарсы енгізген санкцияларды алып тастағанын мәлімдеді. Америкалық шенеуніктер Ресей президенті Владимир Путиннің қарсы жауабынан сескенген. Сонымен қатар Ресеймен арадағы қарым-қатынастың ушығып кетуінен қорыққан. Мақалада спортшы дүниеге әкелген балалардың әкесі Путиннің болуы мүмкін екенін жазылған. 

Бұған дейін АҚШ пен Еуропа елдері санкция тізімінде Путиннің қыздары ретінде көрсетілген Катерина Тихонова мен Мария Воронцоваға қарсы санкция енгізген еді. Кремль мұның рас екенін мойындаған. Бұдан бөлек Еуропа елдері Путиннің "ересек балаларына" ғана санкция енгізгенін мәлімдеген.

Айта кетейік, бұған дейін Путин Ресей мен Украина арасындағы соғысқа араласқысы келетін елдерге сес көрсеткен еді. Ол мұндай елдерге “жедел соққы жасайтынын” мәлімдеген. 

Талқылау