Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркістан облысы әкімінің кеңесшісі болып тағайындалған Нұрлан Қоянбаев қанша жалақы алады

1 шілдеде Нұрлан Қоянбаев Түркістан облысы әкімінің штаттан тыс кеңесшісі қызметіне тағайындалды. Ол мемлекет басшысының креативті индустрия саласын дамыту туралы тапсырмасын орындау мақсатында өңірде жаңа жұмыстар атқармақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Gov.kz

Жаңа тағайындауға орай Түркістан облысы әкімдігінен шоуменнің өз қызметі үшін қанша жалақы алатынын сұрап көрдік. Әкімдіктің мәліметінше, Қоянбаев штаттан тыс кеңесші болғандықтан жалақысыз жұмыс істейді. 

“Жалақы алмайды. Нұрлан Қоянбаев облыс әкімі Дархан Сатыбалдымен бұған дейін кездесу ұйымдастырып, бірқатар жобаларын ұсынды. Жобалар талқыланды. Оның жүзеге асуына дейін әлі біраз процедурадан өтеді. Сондықтан қазір жоба туралы нақты айта алмаймыз”, – делінген хабарламада. 



Нұрлан Қоянбаев 1979 жылы 19 шілдеде Қызылорда облысында дүниеге келген. 1996-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетінде білім алған.

2009-2011 жылдары экономика және құқық академиясының қаржы және несие факультетінде, 2012-2015 жылдары ҚазҰУ-де халықаралық қатынастар мамандығы бойынша магистратурада білім алған.

Бұған дейін Қоянбаев президент телерадиокешенінің шығармашылық директоры, "Қазақстан" ұлттық телеарнасының бас продюсері қызметтерін атқарған. 2021 жылы президент жарлығымен "Шапағат" медалімен марапатталды.

Айта кетейік, бұған дейін Танымал актер, кинопродюсер Нұрлан Қоянбаев киносын сынайтын көрерменге ренішін білдіргені туралы жазған едік. 

Талқылау