Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Шошқаның несебі бүкіл ауылға жайылып жатыр": Өскемендіктер шошқа фермасын жабуды талап етуде

Өскеменнің іргесіндегі бірнеше ауылдың тұрғындары шошқа фермасын жабуды талап етуде. Олар ферма қызметкерлері тазалық талаптарын сақтамай отырғанын айтып шағымдануда. Степное, Ушанов ауылдары мен Лесхоз кентінің тұрғындары шошқа фермасының кесірінен айнала ластанып, мазалары кеткенін айтуда. Тұрғындардың арыз-шағымын Stan.kz тілшісі тыңдады. 

“Шошқаның несебі бүкіл Степнойға жайылып жатыр. Ойлап қараңыздаршы, осы қалыпты жағдай ма? Фермаға жақын орналасқан үйлер тіпті бау-бақша өсіре алмай отыр. Ештеңе өнбейді, өйткені топырақ әбден уланған. Құдықтың суы сап-сары, иісі қолқаны қабады! Ішкен былай тұрсын, онымен жуынуға, тіпті кір жууға болмайды. Міне, сенбесеңіздер, сасып тұрады”, – деді Степное ауылының тұрғыны Жанар Оспанова. 

Ферма ауылдың жоғары жағында орналасқандықтан, ауызсу да ластанған. Тұрғындар балалардың жиі ауыратынын айтуда. 

“Ферма беткейде орналасқандықтан, лай судың бәрі ағып келіп құдыққа құйылады. Бұл суды ішкен балалар күнде ауырып, ауруханада инфекция бөлімінде жатыр. Дәрігерлер тіпті қандай ауру екенін анықтай алмай дал. Жақында емханадан менің балам шықты. Дәрігерлер соқырішек деген... Әлі күнге дейін ауырады. Бізге де бір назар аударыңыздар!” – дейді Елена Сотникова есімді тұрғын.

Айта кетейік, жуықта тұрғындар тағы дабыл қағып, шошқаның өлекселері қоқыс алаңында көмілмей жатқанын айтқан. Қаңғыған иттер азығын сол маңнан табатын көрінеді. 

Оқиға куәгерлері жергілікті шошқа фермасынан шыққан көлікті камераға түсіріп алған.

“Олар шошқаның өлексесін лақтырып тастайды. Менің ойымша, бұлар – ауру шошқалар. Ертең жұқпалы ауру тарамасына кім кепіл?” – дейді Елена Сотникова.

Аталған факті бойынша Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің қалалық аумақтық инспекциясында тексеру басталды. Кінәлілерге айыппұл төлетуге уәде берілді. Бірақ ауыл шаруашылығы басқармасы зерттеу жүргізіп жатқанын бірден хабарлады.

Талқылау