"Шөп шабуға көмектеспегені үшін өлтірген": Атырауда түлектің өліміне айыпталған көршісі қамауға алынды
Атырауда түлекті өлтірді деп айыпталған күдікті ұсталды. Бұған дейін полиция оны тұтқындамаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Orda.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Orda.kz
Деректерге сенсек, оқиға 4 шілде күні Махамбет ауданы Сарытоғай ауылында болған. 19 жастағы көршісі 17 жастағы түлекті шөп шабуға көмектеспегені үшін өлтіргені туралы ақпарат тарады. Бұл факт бойынша полиция алғашында "Абайсызда өлтіріп алу" бойынша сотқа дейін тергеген.
Бірақ 11 шілдеде Атырау облысы прокуратурасының нұсқауы бойынша күдіктінің әрекеттері "абайсызда өлімге әкеп соқтырған денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" бабы бойынша қайта қаралып, ол қамауға алынды.
"13 шілдеде сот күдіктіге қатысты екі ай мерзімге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады. Істі тергеу барысы ерекше бақылауда", – деп хабарлады Атырау облысының прокуратурасы.
Ал марқұмның туыстары жігіттің абайсызда өлтірілмегеніне сенімді болған.