Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шөкеев: Арыс қаласының тұрғындары толықтай эвакуацияланады (видео)

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Арыс қаласының тұрғындары жарылыстан кейін толықтай қауіпсіз жерге көшірілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісі. 

Шөкеев: Арыс қаласының тұрғындары толықтай эвакуацияланады

«Төтенше жағдай жарияланды. Барлық аудан, жақын елді мекендер жұмылдырылды. Қазіргі уақытта болған оқиғаның ауқымынан қаланы тұтастай эвакуациялау керектігін көріп тұрмыз. Барлық бағытта көліктер легі қозғалады. Адамдарды ала кетіп, арнайы ұйымдастырылған лагерьлерге жеткізеді. Аудандардың әкімдері өз командаларымен бірге лагерьлер ұйымдастырып, келген адамдардың тізімін жасап, кімдерді туыстарына, кімдерді қонақ үйлерге орналастыру керектігін анықтау керек. Әр лагерьді аудан әкімі басқарады», - дейді Шөкеев. 

 

Сондай-ақ, Өмірзақ Шөкеев желіде тараған Арыс қаласындағы жарылыстан зардап шеккендердің видеоларының авторларына үндеу жасады. Облыс басшысы зардап шеккендердің мекенжайын хабарлауды сұрады

«YouTube-те, әлеуметтік желілерде видеолардың тарап жатқанын көріп отырмыз. Егер видеоға түсірсеңіз, оның қай жерде болып жатқанын хабарлауды сұраймын. Облыстағы Ордабасы және Отырар аудандарында екі үлкен госпиталь ұйымдастырылды. Жедел жәрдем көліктерінің бәрі жұмылдырылды. Мекенжай бойынша барып, адамдарды алып кетеміз. Әскерилердің мәліметінше, адам өліміне алып келетіндей қауіптілік жоқ», - дейді өңір басшысы. 

 

Сонымен қатар қаладағы төтенше жағдайға байланысты Ордабасы ауданында медициналық штаб құрылғанын хабарланды. Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысының басшылығымен шұғыл жұмыстар жүргізілуде. Ордабасы аудандық орталық аурухана мен облыстық клиникалық ауруханада 200-ден аса орын дайындалды. 30 жедел жәрдем көлігі Шымкент қаласына кірер жолда үш жерден қойылды. 

«Қажет болса, бірнеше аудандардан қосымша жедел жәрдем көліктері дайындалды. Облыстық клиникалық ауруханадан травматолог дәрігерлер, хирургтар, реаниматологтар медициналық штабқа жеткізілді. Қазіргі уақытта ауруханаларда зардап шеккендер жоқ. Эвакуациялау жұмыстары жүргізілуде. Арыс қалалық орталық ауруханасы мен емханасынан барлық пациент қауіпсіз жерге көшірілді», - дейді Түркістан облыстық әкімдігіндегілер. 

Бұған дейін Арыс қаласында жарылыс болғанын хабарлаған едік. Оқиғаға қатысты Қорғаныс министрлігі пікір білдіріп, мән-жайды түсіндірді.

Тұрғындарды көшіру үшін қалаға 40 автобус тартылды. Түркістан облысы, Шымкент қаласы әкімдігі мен ТЖК тиісті шараларды атқарып жатқанын мәлімдеді. 

Талқылау