Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ШҚО-да дәрігер тастанды баланы құтқару үшін өзі емізген

ШҚО-да суықта тоңып қалған тастанды сәбиді акушердің өзі емізіп, құтқарып қалды, деп хабарлайды Қазақпарат.

Прапорщиков ауылының тұрғыны өзі өмірге әкелген баланы «тастанды шарана» ретінде Өскемендегі ана мен бала орталығына өткізбекші болады. Глубокое ауданының жедел жәрдем қызметіне «103» нөмірі арқылы хабарласқан келіншек  көшеден жаңа туған нәресте тауып алғанын хабарлаған. Учаскелік полицей тексеру барысында баланың анасы тауып алдым деп қоңырау шалған адамның өзі екенін анықтаған.

Бұл кезде дәрігерлер баланың өмірі үшін арпалысып жатады. Алты айлығында шала туған баланың салмағы 1,5 келі ғана болыпты. Анасы баланы далада босанғандықтан, денесі қатты тоңып қалса керек.

«Әдетте мұндай нәрестелердің жүрек соғысы минутына 140-150 болады. Ал бұл баланың жүрек соғысы 55-тен аспады. Өмірі қыл үстінде тұрғандықтан, омырау сүтін емізу керек болды. Қасымдағы акушер Жауқазын Сағидолдинова өз сүтін аузына тамызды. Осыдан кейін ғана баланың беті бері қарады. Біз оның анасын көрген жоқпыз. Ол кезде әйелді полиция қызметкерлері тергеуге әкеткен. Үй өте суық болды. Үшеулеп жүріп баланы пештің үстіне ұстап, жаялығын үздіксіз отқа жылытып отырдық. Одан кейін жедел жәрдем келіп, Өскемендегі ана мен бала орталығына әкетті» – дейді ауылдық амбулаторияның бас дәрігері Лена Мусина.

Ауыл дәрігерімен бірге жеткен учаскелік полиция қызметкері Руслан Оразаметов баланың мүшкіл халін көріп, бала емізіп жүрген өз әйелін алдырған. Алайда әлсіреп қалған бала өздігінен еме алмаған екен. Қазір нәрестенің денсаулығы оңала бастаған. Ал анасы күйеуі тұрақты жұмыста жоқ болғандықтан, өзге балаларды да әрең асырап жүргендіктен осындай қадамға барғанын айтқан. Басында бұл оқиғаға байланысты іс қозғалып, кейін тоқтатылған екен. Ананың баласын далаға тастамай, дәрігер шақырғаны ескеріліпті. Нәресте жазылған соң туған үйіне оралатын болды.

Тағы да оқыңыз:

ҰҚК банк карталарынан ақша ұрлайтын сайт пайда болғанын айтып дабыл қақты

Көпбалалы ана бірінші некеден туған қызын екінші күйеуі зорлағанын айтып жылады

Бас прокуратурада «зорланған» 7 жасар баладан жауап алынып жатыр

Талқылау