Шымкентте полицей мас күйде көлік жүргізген әріптесін тоқтатқаны үшін жұмыстан босатылды
Шымкентте Түркістан облысы өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкерін ұстаған полицей жұмыстан босатылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Отырар" басылымына сілтеме жасап.
Басылымның ақпараты бойынша, жыл басында жол полициясы қызметкері трассада тәртіп сақшыларының талаптарына бағынбаған тәртіп бұзушыны ұстаған. Полицияға тіпті оның артынан қууға тура келген.
Кейін ұсталған азаматтың Түркістан облысы өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкері екені белгілі болды. Ал оны ұстаған полиция қызметкері жұмыстан шығарылды.
Полиция департаметі өкілі қызметкерді мас күйінде көлік жүргізген адам туралы ақпарат таратқаннан кейін жұмыстан шығаруға шешім қабылданғанын атап өтті.
"Полиция қызметкерінің қызметтік бейнежазбалар мен ақпаратты бөгде адамға бергені анықталды. 30 желтоқсанда полиция лейтенанты Жанбота Б. О. департаменттің тәртіптік комиссиясының шешімімен құқық қорғау органдарына теріс қылық жасағаны үшін ішкі істер органдарынан шығарылды, - деп атап өтті полиция полковнигі Әлімхан Темірханов.
Басылымның мәліметінше, Түркістан облысынан келген құқық қорғау қызметкері туралы ақпарат жоқ.