Шымкентте қауын мен қарбыздан 150-дей адам уланған
Шымкентте қауын, қарбыздан улану дерегі көбейген. Өткен айда ғана қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында 150 жағдай тіркелген. Мамандар жемістерді тұтынар кезде тексеріп алуды ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Хабар24” арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Дәрігерлердің айтуынша, зардап шеккендер көбісі гигиена мен азық-түлікті сақтау ережелерін сақтамаған. Ал мегаполисте жаздың ыстық уақытында термометр 40 градустан жоғары көтерілуде. Бұл жемістердің бұзылуына да қатты әсер етеді.
"Соңғы айда 300-ден астам науқас түсті. Солардың ішінде 150 адам негізінен қарбыз, қауыннан уланған. Көбінесе ересектер көп түсуде. Санэпидстанция бұл мәселемен айналысып жатыр", - деді жұқпалы аурулар ауруханасының бөлім меңгерушісі Баян Рыстаева.
Биылғы маусымда сарапшылар нитраттарға 2 мыңнан астам сынама жасаған. Алайда бұл сынамалар тек ресми түрде шақырылған сауда нүктелерінде ғана өткізілген. Әрі қауіпті ештеңе табылмаған. Ал одан кейін жоспардан тыс тексерулер болмаған.
Мұнда адамдар қарбыз бен қауынды тікелей "Газель" көліктерінің ішінен сатып жатыр. Ал сатушылар жұртшылықты таза, санитарлық талаптар сақталған деп сендіреді. Дегенмен, мамандар қауынның қауіпсіздігін көзбен анықтау мүмкін емес екенін айтуда. Мұны тек зертхана қызметкерлері біле алады. Ал сатып алушылар саудагерлерден нитраттарға тестілеу туралы құжатты талап етуге құқылы.