Шымкентте із-түссіз жоғалып кеткен 20 жастағы жігіт екі аптадан бері табылмай жатыр
Шымкентте із-түссіз жоғалып кеткен 20 жастағы жігіт екі аптадан бері табылмай жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Видеодан скрин
Ордабасы ауданында тұратын Бәйдібек Еділбек 14 қаңтарда жүргізуші куәлігін алу үшін Шымкент қаласына жолға шыққан. Сол күні түсте 20 жастағы жігіт әкесіне хабарласып, ауылға қайтатынын айтыпты. Арада бірнеше сағат өткен соң телефоны өшірулі болған. Содан бері екі апта өтсе де, жоғалған жігіттен әзірге ешқандай хабар жоқ.
“Камераға қарасақ, бері қарай аялдамаға жүрген кадры ғана бар. Одан басқа ешқандай хабар жоқ. 12 б немесе а-ға отырды деген ақпарат естідік. Әке-шешесі жылап отыр. Ата-апасы ауырып, инсульт алып құлап жатыр”, – дейді жігіттің туысы Әйгерім Әбітаева.
Жас жігіттен хабар ала алмаған жақындары қаланы аралап, ауруханалар мен мәйітханаларға да кіріп шыққан. Бірақ оны көрген-білген жан табылмай тұр. Ұлдарын іздеп шарқ ұрған ағайын-туыстың полиция қызметкерлерінің жұмысына көңілі толмайды.
“Сөзім жоқ. Не полициялардан да көмек болмаса, ешқандай ештеңе айта алмаймын. Түсіне алмаймын. Миымыз да істемей, қорытпайды да. Не ойларымызды да білмейміз”, – дейді Еділбектің туысы Гүлмира Әбітаева.
Шымкент қалалық полиция департаменті іздестіру жалғасып жатқанын жеткізді. Олар адам көп жүретін қоғамдық орындарды сүзіп шыққан. Жігітті әлі де іздейтін боламыз дейді полицейлер.
“Жоғалған азамат туралы арыз бойынша полицейлермен іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр. Ер адамды анықтауға бағытталған жұмыстарға полиция департаментінің барлық күші жұмылдырылды. Әзірге ешқандай нәтиже жоқ”, – делінген полиция хабарламасында.
Бәйдібек Еділбек жақында әскерге барып, борышын өтеп келген екен. Жігіттің бас ауған жаққа кететін әдеті жоқ еді дейді ата-анасы.