Көліктен оқ жаудырған: Шымкентте 17 жастағы бозбаланы атып кетті
Шымкентте жаңа жыл мерекесіне орай берілген демалыс кезінде атыс орын алды. Алтыншы қаңтар күні кешкісін қалалық ауруханаға екі жігіт келген. Олардың бірі 17 жасар бозбалаға тапаншадан бірнеше оқ атылған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Зардап шеккен жасөспірім әлі ауруханадан шықпапты. Оның аяғының бірнеше жеріне оқ тиген, оған қоса бозбала болған жайттан қатты есеңгіреп қалған.
"Емханада жігітке алғашқы дәрігерлік көмек көрсетілді. Жарақаттан аққан қан дер кезінде тоқтатылды. Қазіргі таңда ол ем қабылдап жатыр, аурухана бөлімшесенен шығарылған жоқ. Жағдайы тұрақты", - деді қалалық ауруханының хирург маманы Алмаз Байбеков.
Атыс №9 мектептің маңайында орын алған. Жарақат алған баланың ата-аналары пікір білдіруден бас тартыпты. ПД қызметкерелінің хабарлауынша, оқ атқан кезде Hyundai Accent маркалы көліктің жүргізушісі мен бір жолаушы темір тұлпарды ішінде отырған.
"Аталған оқиғаға байланысты бірден 3 бап бойынша қылмыстық іс қозғалды. Атап айтсақ: "Адам өміріне қиянат жасау", "Бұзақылық" және "Қаруды заңсыз пайдалану", Тиісті сараптамалар тағайындалды. Іске қатысы бар азаматтар қолға түсті", - деп мәлімдеді Шымкент қаласы ПД-нің ресми өкілі Әсел Сәденова.
Бозбаланы ауруханаға оның ағасы алып келген. Оның айтуынша, белігісіз біреулер Ғани Иляев көшесінде орналасқан "Динамо" алаңында кқліктің ішінен оқ жаудырған. Өкінішке орай, олар көліктің нөмерін естерінде сақтап қалмапты.