Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте ата-аналар Назарбаев зияткерлік мектебінде шу шығарды

Шымкентте балалары сынақтан сүрінген ата-аналар шу шығарды. Химия-биология бағытындағы Назарбаев мектебіне оқуға түсе алмай қалған оқушылардың ата-аналары мұны білім деңгейінен емес, гранттың аз бөлінуінен көріп отыр. Жылдан-жылға халық саны артып келе жатқан үшінші мегаполистегі аталған мектепке  жылдағыдан аз грант қаралыпты. Өзге өңірлермен салыстыруға келмейді екен. Наразы тұрғындар базыналарын білдіріп, президентке, министрге хат жазған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

"Ұлым тестілеуден 1041 балл жинады. Жылдағы көрсеткішпен салыстырған мұғалімдер тіпті бізді құттықтап қойған еді. Алайда гранттың аздығынан балам резервке қалды. Бір жыл бойы НЗМ-ге түсу үшін ақылы курста оқыды. 1,5 млн.теңгеге шығындалдық. Еңбек еш кете ме? Жылдағыдай ақылы орындарда да жоқ", – дейді Ғалия Ақтаева, ата-ана:

Айтуынша, Солтүстік өңірлерде 800  балл жинаған шәкірттер осынау іргелі мектепте оқи алады екен.

Биыл қалада осы мектепке оқуға өтініш білдірген оқушылар саны да артып отыр. Конкурстық іріктеуге 1173 бала қатысыпты. Жалпы, былтыр білім ошағына 140 грант бөлінсе, биыл орындар саны 100-ге азайған. Ал мектеп басшылығы гранттың аз бөлінуін мектепте оқушылардың көптігімен байланыстырады. 


“Жалпы, биыл елімізде НЗМ 7-сыныптарына үміткерлерге республикалық бюджеттен 2728 грант тағайындалған.  Орындар мектептің жобалық сыйымдылығына қарай қаралады. Біздің мектептің сыйымдылығы 720 оқушыға арналған. Біз оны толық қамтамасыз етіп отырмыз", – дейді Шымкент қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Қайырбек Бүксікбаев.

Ал ата-аналар мен сынақтан өте алмаған оқушылардың ендігі үміті  президент пен министрлікте.

Еске салсақ, бұған дейін Алматы мен Нұр-Сұлтанда да ата-аналар грант санының аздығына байланысты бас көтерген еді. 

 

Талқылау