Шымкент әкімінің орынбасары Берденовке оқ атқан күдіктіге қандай айып тағылды – Бас прокуратура түсіндірді
Фотоколлаж: Stan.kz / Шымкент әкімдігінен
Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандық бойынша тергеудің барысын Бас прокуратура түсіндірді. Прокуратура іс-материалдары екі бап бойынша қаралып жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Тengrinews.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Ведомство өкілдері істі Шымкент қаласының полиция департаменті тергеп жатқанын хабарлады. Тергеу Қылмыстық кодексінің 24-бабы 3-бөлігі (Қылмысты істеуге оқталу) және 99-бабы 2-бөлігінің 6-тармағы (Басқа адамдардың өміріне қауіпті тәсілмен жасалған кісі өлтіруге оқталу) бойынша жүргізіліп жатыр.
Прокуратура қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын, алайда заң талаптарына сәйкес істің егжей-тегжейі жария етілмейтінін атап өтті.
Бұл ретте заңгер Айман Айсина қылмыстық құқықтағы “кісі өлтіруге оқталу” ұғымының қалай қолданылатынын түсіндірді. Оның айтуынша, кісі өлтіруге оқталған адамға дәл сол кісі өлтіру жасағандай жаза тағайындалады.
“Оқталу қылмыс толық жасалмаса да, ол жай дайындықтан ауыр қылмыс болып есептеледі. Қылмыстық кодексте оқталу жасаған адамға сол қылмыс бойынша жаза белгіленетіні көрсетілген. Яғни егер бұл кісі өлтіру болса, онда жауапкершілік кісі өлтіру бабына сәйкес белгіленеді. Оқталу бабы сілтеме арқылы 99-бапқа тіреледі. Сондықтан қылмыс оқталу ретінде сараланса да, жаза кісі өлтіру бойынша қаралады”, – деді Айсина.
Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігіне сәйкес кісі өлтіргені үшін 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сонымен қатар, сот мүлікті тәркілеу туралы шешім қабылдауы мүмкін немесе онсыз шектелуі мүмкін.
Аталған баптың 6-тармағында қылмыс (немесе осы жағдайдағыдай қылмысқа оқталу) басқа адамдардың өміріне қауіп төндіретін тәсілмен жасалғаны көрсетілген.
Еске салайық, бұған дейін Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовті атып кеткенін жазған едік. Шабуылдың алдын ала себебі ретінде бірнеше нұсқа айтылды. Бірі Руслан Берденов шабуыл жасаған адамның әйеліне тиісті десе, енді бірі бұл жағдайды Шымкенттегі құрылыс саласында тәртіп орнатумен байланыстырды.

"Баланы тұз қосылған суға шомылдыру, омырауын сығу" сынды салттар қаншалықты дұрыс – Мамандар жауап берді
