"Сергек" орнататын компания мемлекетке 238 миллион теңге қайтарды
Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы “Сергек” камерасын орнататын компанияға 200 миллион теңгеден аса заңсыз қаржы бөлінгенін анықтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Gov.kz
Шығыс Қазақстан облысында "Сергек" жобасын жүзеге асыру үшін мемлекет "Көркем-Телеком" компаниясымен 7 миллиард теңгеден астам сомаға келісім-шартқа отырған.
“Сергек" бағдарламасының әкімшілік құқық бұзушылықтың алдын алуға және жол-көлік оқиғаларының азаюына тигізетін оң әсерін ескеріп, тексеру барысында мемлекеттік қаражатты заңсыз төлеу деректері анықталды. Соның салдарынан жобаның құны негізсіз 238 миллион теңгеге өскен. Прокуратураның енгізілген қадағалау актісі негізінде ШҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы негізсіз төленген шығындарды өндіру туралы талап-арыз берді”, – делінген хабарламада.
Сот шешімімен талап-арыз толық көлемде қанағаттандырылып, апелляциялық сот бірінші сатыдағы үкімді өз күшінде қалдырды. Сот шешіміне сәйкес "Көркем-Телеком" ЖШС 238 миллион теңге мемлекет кірісіне қайтарылды.
Бұған дейін Шымкентте белгілі олигархтың иелігіндегі “Мұз айдыны” мемлекетке қайтарылған еді.