Шығыс Қазақстан облысы түгелдей "бұрынғы уақыт белдеуіне" ауысты
Шығыс Қазақстан облысындағы 11 ауданның барлығы бұрынғы уақыт белдеуіне көшті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Pixabay.com
13 наурыздан бастап Шығыс Қазақстан облысының екі ауданы – Шемонаиха және Глубоковскийдің мемлекеттік мекемелері, кәсіпорындары мен әлеуметтік сала қызметкерлері жаңа кесте бойынша сағат 08:00-де жұмысқа келеді. Олардың жұмыс күні сағат 17:30-ға дейін, түскі үзіліс 12:00-ден 13:30-ға дейін болады.
Шемонаиха ауданының әкімдігі жаңа жұмыс уақытын енгізіп, процестерді оңтайландыруға ниетті екенін жазды. Өзгеріс өңірдің табиғи ерекшеліктерімен де байланысты. Себебі онда күн ерте шығып, ерте батады.
Глубоковский ауданында жергілікті тұрғындармен кездесу өтіп, онда жаңа жұмыс кестесі талқыланды.
"Біз әріптестерімізге олардың отбасымен көбірек уақыт өткізуі үшін қажет жағдай жасаймыз. Тұрғындармен кездесу өткізіп, мұндай жұмыс кестесі аудандағы тұрмыс пен еңбек жағдайын жақсартуға көмектеседі деп шештік", – деді Глубоковский ауданының әкімі Эльдар Тұмашинов.
Жаңашылдыққа жергілікті тұрғындар да қолдау білдірді.
Еске салайық, бұған дейін 19 қарашада премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстанда бірыңғай уақыт белдеуін енгізу туралы шешімді үкіметтің қолдағанын мәлімдеді.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек уақыт белдеуінің ауысуының қазақстандықтарға әсерін зерттеуден бас тартпайтынын, оған шамамен 100 млн теңге бөлінетінін айтты. Алайда зерттеу нәтижесіне қарамастан, уақыт белдеуін өзгерту туралы шешім өзгермейді деп мәлімдеді.
22 қарашада eGov mobile қосымшасында уақыт белдеуіне қатысты сауалнама пайда болды, бірақ бірнеше күннен кейін алынып тасталды. Цифрлық даму министрі Жаслан Мадиевтің айтуынша, 200 мың адамнан жауап алынған соң, сауалнама аяқталған.
Бұған дейін Шығыс Қазақстан облысының 4 ауданы "бұрынғы уақыт белдеуіне" көшкен еді.