Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны ұрлаған жылқысын жеңіл көлікке салып әкеткен
ШҚО-да мал ұрлығымен жүйелі түрде айналысқан ұры оқиға орнында ұсталды. Ол ұрланған жылқыны тірідей жеңіл көлік салонына сыйғызған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Шығыс Қазақстан облысының полицейлері тиісті іс-шараларды өткізу барысында мал ұрлығымен айналысқан Ұлан ауданының 31 жастағы тұрғыны анықталды. Ұры еркін мал жайылымынан ұрланған малды бірден өлтірмей, оны оңаша жерге алып кетіп, содан кейін ғана оған сатып алушы іздеген. Ең қызығы, ол жануарларды тірі күйінде көліктің салонында артқы орындыққа сыйғызып, оқиға орнынан әкетіп отырған.
Ағымдағы жылдың қыркүйек айының басында кезекті ұрлықты жасау барысында ұсталды. Оны жолда тоқтатқан патрульдік полиция батальонының қызметкерлері күдіктіні көліктің салонындағы тірі жылқымен бірге полиция бөліміне жеткізген. Біршама уақыттан кейін ұрланған жылқының иесі табылды, ол оның жоғалғаны туралы мүлдем білмеген.
- Жылқылар туралы 11 қызықты дерек
- "Қызметке тұруға 4 жыл уақытым кетті": Қазақстандық жігіт Нью-Йоркте қалай полицей болды
Қазіргі уақытта тергеу органымен аталған азаматтың жылқылар мен бұзауларды ұрлауға, оның ішінде өткен жылдары жасалған мал ұрлықтарға қатысы бары анықтады.
"Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасуда, ұрланған малды сатып алушылар анықталуда. Күдіктінің іс-әрекеті ҚР ҚК-нің 188-1-бабы (Мал ұрлығы) бойынша сараланады, оның санкциясы бес жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейінгі қылмыстық жазаны көздейді", – деді ШҚО ПД бастығының орынбасары Талғат Шаяхметов.
Ведомствода атап өткендей, мал ұрлығына қарсы іс-қимыл Ішкі істер органдарының қызметіндегі басым бағыттардың бірі болып табылады.